Бекзат Нұрдәулетов кәсіпқой бокстағы екінші жеңісіне жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегінде жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада өткен бокс кешінде ол 79,3 келіге дейінгі жартылай ауыр салмақта нигериялық Кабир Товолавиден (13-3, 10 КО) басым түсті.

Қазақстандық былғары қолғап шебері алты раундтан тұратын жекпе-жекті жоғары деңгейде өткізді. Биыл 40 жасты толтырған нигериялық боксшы өзінің тәжірибесіне қарамастан 22 жастағы Бекзатқа лайықты қарсылық көрсете алған жоқ. Шеберлік деңгейі төмен болды. Төрешілер шешімімен жеңіс қазақстандық боксшыға берілді.

Естеріңізге сала кетелік, Б.Нұрдәулетов өзінің кәсіпқой бокстағы тұсаукесер жекпе-жегінде Танзаниядан келген Ибрагим Маоколуді тізе бүктірген болатын.

Айта кетейік, Б.Нұрдәулетов 2019 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, ол алдағы жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды .


Соңғы жаңалықтар