Бектас Бекназаров: Қауіпсіздік Кеңесі нақты конституциялық органға айналды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы ел өміріндегі тарихи миссиясына орай Қауіпсіздік Кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие болып отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысынан кейін депутат Бектас Бекназаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» ҚР Заңын қабылдады. Бұл тұрғыда осыған дейін Қаіпсіздік Кеңесі туралы, оның құзыреті мен мүкіндігі жөнінде арнайы заң болмаған еді. Бұл бағыттағы мәселе қоғамда көп талқыланды, жұртшылық хабардар. Ал енді осы қабылданған Заң Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына нақты әрі тұрақты бағыт беріп отыр. Елбасының ел өміріндегі тарихи миссиясына байланысты, ол Қауіпсіздік Кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие болып отыр», - деді сенатор.

Бекназаровтың атап өтуінше, бұл Заңмен Қауіпсіздік Кеңесінің мемлекеттік басқарудағы құзыреті нақтыланды. Ол құзыреті үлкен мәселелерді Елбасының басқаруымен, сонымен қатар өте маңызды мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен  шешуге негізделген.

Сонымен қатар ол кеше ғана Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өткенін, онда мемлекеттің өміріне, халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты өте маңызды мәселелер қаралғанын еске салып өтті.

«Қазір қарап отырсақ, ұлттық қауіпсіздік, жалпы мемлекеттік қауіпсіздік, қорғаныс мәселелерін әрбір мемлекет өте жоғары деңгейге шығарып отыр. Сондықтан ҚР Парламенті бұл мәселені Мәжілісте қарады, сондай-ақ Сенат отырысында талқылады. Енді Қауіпсіздік Кеңесінің нақты конституциялық органға айналғандығын осы Заңнан көруге болады. Бұл тұрғыда оның құзыреті өте үлкен», - деді Бектас Бекназаров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» ҚР Заңы қабылданды. 

Жалпы, құжат Қауiпсiздiк Кеңесiнiң құқықтық мәртебесiн, қызметiнiң негiздерiн, мiндеттерi мен функцияларын айқындайды. Сонымен қатар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен мүшелерінің өкілеттігі, Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі белгіленді. Осы орайда, ҚК Төрағасына келесі өкілеттіктерді бекіту ұсынылады: Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін басқаруды жүзеге асыру; оның отырыстары мен жедел кеңестерін шақыру; Қауіпсіздік Кеңесі туралы ережені бекіту; заңнамада көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру. Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына бағынатын және есеп беретін Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жүзеге асырады.

Фото: www.youtube.com

Соңғы жаңалықтар