Бекшин ата-аналардың вакцинациядан бас тарту себебін айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары – бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин елімізде ата-аналар неліктен балаларын инфекциялық ауруларға қарсы вакцинациядан өткізбейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ата-аналардың вакцинациядан бас тартуы мәселесін білеміз. Сондықтан, олармен жұмыс жүргізетін арнайы жоспар құрдық. Бас тартудың себебі неде? Бас тартып жатқан ата-аналардың 40 пайызы өзіміздің пікіріміз, құқығымыз бар дейді. 35 пайызы діни көзқарасын алға тартады. 6 пайызы вакцинаға сенгісі келмейді», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, БАҚ көздері арқылы вакцинациялаудың қажеттігі туралы насихат жұмыстары әрдайым жүргізіліп тұрады.

«Діни көзқарасы бойынша бас тартатындар бар. Көбі оны білдірмей, өз құқығым дегенді айтады. Ресми түрде 35 пайызы – діни көзқарасына байланысты екпеден бас тартатынын айтып жатырмыз ғой. Бірақ, біз осы себеп бойынша бас тартатындардың одан да көп екенін білеміз. Сондықтан, олармен жеке-жеке жұмыс жүргізіліп жатыр. Ең беделді отбасылардың өкілдерімен – ата-аналарына, ата-әжелеріне түсіндіру жұмысын қолға алдық», - деді ол.

Жандарбек Бекшиннің сөзіне сенсек, Қазақстанда салынатын вакцинаның бәрі де Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификаттарымен алынады.

«Ең дамыған елдің вакциналары әкелінеді. Өз елімізде де ол қатаң тексеруден өтеді. Ұлттық сараптама орталығында барлық вакциналар сараптама мен талдаудан өткізіледі. Жыл сайын вакцинациядан бас тартудың 5 мың жағдайы тіркеледі: Түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін өткен жылы 3,5 мың адам өзінің ой-пікірін өзгертті», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар