Бекіре-2023: 36 қылмыстық іс қозғалып, 15,7 млн теңге айыппұл салынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Экология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов заңсыз балық аулаудың алдын алу және күресу мақсатында ұйымдастырылған акцияның қорытындысын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 27 наурызда біздің министрлік пен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бекіре және басқа да балық түрлерін қорғау, сондай-ақ олардың уылдырық шашуы кезінде қауіпсіздікті қамту мақсатында «Жайық-Каспий» бассейнінің су айдындарында «Бекіре-2023» акциясын өткізу туралы бірлескен бұйрық шықты», - деді Аян Бахиянов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Бекіре-2023 акциясы басталғалы балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары, ішкі істер органдары және Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі мамандары бірлесіп табиғат қорғау заңнамасын бұзу фактілерін анықтап, 972 заңсыз әрекеттің жолын кескен.

Нәтижесінде 669 айыпты әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар балық түрлерін заңсыз аулау фактілері бойынша 36 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға 15,7 млн теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, 68 тонна 300 келі балық заңсыз айналымнан алынды. Оның ішінде 1001 келі бекіре, 29,5 келі бекіренің уылдырығы бар. Одан бөлек, 295 балық аулау құралы, 76 су көлігі және 13 автокөлік, жалпы саны 743 заңсыз балық аулау құралы тәркіленді», - дейді балық шаруашылығы комитетінің маманы.


Соңғы жаңалықтар