Бекир Окан: Нұрсұлтан Назарбаев - Астананың бас сәулетшісі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан астанасының құрылысына түрік компанияларының біршама еңбек сіңіргенінен көпшілік қауым хабардар. Олар Астанаға ең соңғы құрылыс технологиялары мен материалдарын әкеліп, біздің елдің құрылыс саласының дамуына үлесін қоса білді. Астана күні қарсаңында «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі әлемге аты мәшһүр «Окан Холдинг» құрылыс компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Бекир Оканмен сұхбат құрды.

- Астанадан алған әсеріңізбен бөлісіп, шаһарда тұратын тұрғындар мен қала сәулеті туралы ойыңызды білдірсеңіз...

- Астанаға ең алғаш 1995 жылы Қазақстан Президентінің жеке ұшағымен келген едім. Сол тұста Нұрсұлтан Әбішұлы Ақмоланы бас қалаға айналдырғысы келетінін айтты. Мен: «Бұл кішкентай ғана қала. Қалай астана болады?» деп сұрадым. Бұл сұрағыма Президент «Стратегиялық тұрғыдан осы қала астана болуы қажет, солай болады» деп жауап берді.

Қаланы астанаға айналдыру мақсатымен келген халықаралық компаниялардың қатарында «Okan Group» фирмасы да бар еді. Нұрсұлтан Назарбаев мырза қалада алғашқы 5 жұлдызды қонақ үй, Президент резиденциясы мен көп қабатты үйлерді, Ұлттық мәдени орталықты салып беруімізді өтінді. Барлық нысандарды біз жылдам аяқтадық. Біз сонымен бірге, 240 орындық емхананы, банк мекемесін, үлкен сауда орталықтары мен жолдарды да салдық.

Қаланың алғашқы бес жұлдызды қонақ үйі «Okan InterContinental» меймандарды жоғары деңгейде күтіп алды. Ресей президенттері Борис Ельцин, Владимир Путин, бұрынғы президентіміз Сүлеймен Демирель сынды тұлғалар біздің қонақүйге тоқтады.

Ол жылдары Астанада құрылысқа қажетті материалдар жоқтың қасы еді. Сондықтан құрылыс материалдарын Түркия, Еуропа мен Америкадан әкелдік. Жұмысшылар да жетіспейтін. Түркиялық инженерлер, техникалық қызметкерлер мен құрылыс мамандары қазақстандықтарға құрылыстың қыр-сырын үйретті.

Астананың бас қалаға айналуына осылайша үлес қостық деп ауыз толтырып айта аламыз. Біз - «Okan Group» фирмасы бауырлас ел Қазақстанның астанасының құрылысын жүргізуге атсалысқанымызды мақтан тұтамыз.

- Астанада Сіз бастан өткерген қызықты оқиғалар бар ма?

- Ақпан айы еді. Қонақүйдің аяқталмаған бір бөлігін салып жаттық. Мемлекет басшысы Назарбаев қонақүйді көруге келді. Ол үнемі құрылыс барысын қадағалап отыратын еді. «Маусым айында Астананың тұсаукесері болады. Соған дейін бұл қонақ үйдің құрылысын аяқтағандарыңызды қалаймын» деді. Уәде бере алмасам да, тырысатынымды айттым. Өйткені анау-мынау емес, салып жатқанымыз - аса ауқымды 5 жұлдызды қонақ үй болатын. Ал уақыт аз қалған. Назарбаев «Жо-жоқ, сенің қолыңнан келеді» деді.

Біз құрылыс жұмыстарын тездете түстік. Құрылыс алаңында 2 мың адам жұмыс істеді. Бауырым және үлкен ұлыммен құрылыстың басы-қасында болып, күндіз-түні еңбектендік. Ал құрылыс біткен бойда үшеуіміз де Түркияға қайтып, 15 күндей ауруханада жатып шықтық. Лифт дайын болмағандықтан, 25 қабатты құрылыс нысанына шығып, қайта түсіп жүріп ауырып қалыпппыз.

Маусым айында қонақ үйді бітірдік. Жаңа астананың салтанатты таныстырылымына әр елдің мемлекет басшылары келді. Оларды бес жұлдызды қонақ үйге жайғастырдық. Нұрсұлтан Назарбаев та риза болды.

- Астана одан бері қалай өзгеріпті?

- Елорда деген атағы болмай тұрып, Астана кішкентай ғана қалашық сияқты еді. Қазір 1 миллионнан астам тұрғыны бар үлкен шаһарға айналды. Бұл, әрине, толықтай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында іске асып отыр. Қала астана болмай тұрып барлық жерін аралап, нені өзгерту қажеттігін, нені қолға алу керектігін өзі айқындады. Назарынан ештеңені тыс қалдырмай, қадағалап, Астананы осындай әсем қала дәрежесіне жеткізді. Өзі Мемлекет басшысы болғанымен қатар, үлкен жобаның авторы. Қазақы шаңыраққа ұқсата отырып, Ұлттық музейдің нобайын да өзі сызған еді. Барлығын құдды бір кәсіби сәулетші сияқты ойластырды. Астананың басты сәулетшісі - Нұрсұлтан Назарбаев.

- Қазақстанның астанасы турасында келешекте қандай жоспарларыңыз бар?

- Біздің сауда орталықтың алдында жер учаскелеріміз бар. Сол жерге тұрғын үйлерді салуды көздеп отырмыз. Келіссөздер жүргізіліп қойды.

- Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

Соңғы жаңалықтар