Бекетаев инвестиция тартуда Қазақстанның Еуразия ауқымындағы артықшылығын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында ағылшын құқығы мен шетелдік төрешілер - Қазақстанның Еуразия өңіріндегі бәсекелі артықшылығы. Бұл туралы Үкімет отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инвестициялар бүгін қажет. Бизнес үшін қажетті сенімділікті ағылшын құқығы, ағылшын тілі және ағылшын соты береді. Қазақстанға инвестициялар ғана емес, инвестициялармен қоса жаңа технологиялар қажет. Сондықтан зияткерлік меншікті қорғау бойынша Үкімет бірізді саясат жүргізеді. Қаржы орталығы аумағында зияткерлік меншікті халықаралық тіркеу бойынша ыңғайлы сервис қамтамасыз етіледі», - дейді Марат Бекетаев.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда инвесторлардың жұмысын қамтамасыз етуге қабілетті адами капитал қалыптасатын болады. Ағылшын тілін еркін меңгерген және үздік әлемдік университеттерде білім алған халықаралық деңгейдегі заңгерлер қазірдің өзінде даяр.

«Сот әділдігін нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар халықаралық рейтингтерде көрініс табады. Халықаралық құқық үстемдігі индексінде Қазақстан 7 жыл ішінде 10 тармаққа өсім көрсетіп, 126 елдің арасында 65-ші орында тұр. Әрине, бұл жоғары көрсеткіш емес, бірақ инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында ағылшын құқығы мен шетелдік төрешілер - бұл біздің Еуразиялық өңірдегі бәсекелі артықшылығымыз. Әлемдік бизнестің 80 пайызы ағылшын құқығын таңдайды. Осы себептен ағылшын құқығына негізделген Гонконг және Дубай сияқты қаржы орталықтары өз елдерінің экономикаларына ірі инвестицияларды табысты тартады. Инвесторлар Қазақстанның бизнес үшін тұрақты және жайлы жағдайларды қамтамасыз ететін сенімді серіктес екенін сезінуі тиіс», - дейді министр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Премьер-Министр Асқар Маминның төрағалығымен елімізде Инвестициялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылғанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар