«Бекет-2022»: Қостанай облысында ведомствоаралық жаттығу жалғасып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бірлескен оқу-жаттығу мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды өткізу кезінде әртүрлі ведомстволық күштердің өзара іс-қимыл элементтерін пысықтауға бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқу-жаттығудың жоспары бойынша «әкімшілік ғимарат басып алынып, облыста төтенше жағдай режим енгізілді. Полиция департаментінде комендатура қызметі ашылып, оның жұмысы ұйымдастырылды. Терроризмге қарсы күрес жөніндегі облыстық жедел штаб құрылды».

Жедел-тактикалық оқу-жаттығу барысында құқық қорғау, арнайы органдар, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің Арнайы операциялар күштері террористік сипаттағы қауіп-қатерлер туындаған кезде мемлекеттік органдардың ден қою және өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтады.

Сондай-ақ, Шекара қызметі әскери қызметшілерінің қатысуымен тактикалық оқу-жаттығу да өтті. Шекарашылар «қылмыстық қудалаудан қашуға тырысатын қарулы топты іздеу, оларды оқшаулап, жою шараларын жүзеге асырды».

24 қыркүйекке дейін жалғасатын кешенді оқу-жаттығуға Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Денсаулық сақтау, Қаржы, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның жедел топтары қатысып жатыр.


Соңғы жаңалықтар