Бекболат Тілеухан: «Алмас қылыш» көрермендердің көзіне жас үйірді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Кешеден бастап «Қазақ елі» жобасының алғашқы фильмі - «Алмас қылыш» кинопрокатқа шықты. 

Алғашқы күннен-ақ көптен күткен фильмді көруге асыққан жұрттың қатары мол болды.

Астанадағы кинотеатрлардың біріне картинаны тамашалауға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, әрі осы фильмде Қазтуған жыраудың рөлін сомдаған белгілі қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның пікірін білген едік.

«Бұл - мемлекеттік тапсырыспен түсірілген кино екенін білесіздер.  Шығарма көздеген мақсатына жетті деп ойлаймын. «Өнердің ішінде ең маңыздысы - кино» демекші, ақпарат ағыны көп бүгінгі таңда, адам көп нәрсені кітаптан емес - экраннан қабылдайды. Осы тұрғыдан ұрпаққа тарихи сананы сіңірудің бір жолы - осындай кинолар. Тарихқа жеттік болмай мемлекеттік сана қалыптаспайды. Өздеріңіз көргендей, көрерменнің ықыласы ерекше болды. Қаныңды тасытып, рухыңды оятатын эпизодтар жұртты бір серпілтіп тастады.  Залдан көзіне жас алып шығып бара жатқан кісілерді көріп, көңіл толқыды. Мұнда режиссердің шеберлігін айта кету керек. Өткен тарихымызды көз алдыға әкелді. Осы арқылы жастар қазақ тұлғаларының есімдерімен қанықты. Елдігімізді асқақтататын туындылар көп болсын», - дейді Бекболат Тілеухан.

Айта кетейік, Тарихи жобаның авторы - ҚР Президенті Н. Назарбаев. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-да «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-нің қатысуымен түсірілген.

Фильм сценарийін жазған - Смағұл Елубай. Онда Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы негізге алынды. Режиссер Рүстем Әбдірашевтің айтуынша,  «Алмас қылышты» түсіруге екі жыл уақыт кеткен.

Оны түсіру жұмыстарына мыңдаған адам тартылған. Картинаның түпнұсқасы толығымен қазақ тілінде, арасында жоңғар тілінде және солтүстік моңғол диалектісі бар. Прокатқа орыс тілді нұсқасы да әзірленді.

Соңғы жаңалықтар