BekAir ұшағының апаты: Әуежай маңынан заңсыз жер бергендер тергеліп жатыр
«Әуежай аумағынан тыс заңсыз құрылыс бойынша: Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Талғар ауданында Алматы қаласының әуежайының маңынан заңсыз жер телімдерін беру бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Анықталғанындай, 2015-2019 жылдар аралығында Талғар ауданының лауазымды тұлғалары қызметін асыра пайдаланып, әуежайдың санитарлық қорғау аумағынан тұрғын үй құрылысын салуға заңсыз жер беріп келген», - деді ол.
Айта кетерлігі, осы жиында Роман Скляр BekAir ұшағының апатқа ұшырау себебін атады.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан Бекэйр компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған.
ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ұшақ апатының себептерін тергеу бойынша Үкіметтік комиссияның отырысы өткізілген еді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия жіберілді.