+7 (701) 759 90 19
USD 421.58 EUR 496.83
RUB 5.53 CNY 62.2
Jańalyqtar

«Bek Air»-ға жүргізілген жоспардан тыс тексеріс қорытындысы жарияланды

2020 жылғы 26 ақпан 16:37
Бөлісіңіз:
«Bek Air»-ға жүргізілген жоспардан тыс тексеріс қорытындысы жарияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті «Bek Air» компаниясына жүргізілген жоспардан тыс тексеру қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет ақпаратына сәйкес, компанияда әуе сапарын және ұшуға жарамдылықты ұйымдастыру, мұздауға қарсы өңдеу процедуралары, ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесінің стандарттарына сәйкестігі, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік нормаларын сақтау тәртібі тексерілген.

«2020 жылдың 20 қаңтарында Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тексерудің аралық нәтижелері мен сол кезде анықталған бұзушылықтар туралы хабарлаған болатын. Авиациялық қозғалтқыштарды пайдалануда өрескел бұзушылықтар туралы айтылды. Бірақ олар қозғалтқыштың шығу тегін, онда орнатылған агрегаттардың жұмыс істеуін және ақаулар туралы жазбаларды анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондай-ақ фюзеляждың және әуе кемелерінің басқа да бөліктерінің зақымдануы болды. Оларға техникалық қызмет көрсету және жөнделуі туралы жалған құжаттар рәсімделіп келген», - деп хабарлайды комитеттен.

Атап өтілгендей, әуе компаниясы инженерлік қызметтің және ұшу экипажының мұздану фактісін анықтау үшін ұшар алдында ұшақ қанаттарын физикалық (тактильдік) тексерудің міндетті процедурасын сақтауын қамтамасыз етпеген.

«Сол кезде-ақ әуе компаниясының Ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесі заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндігі анық еді», - делінген ақпаратта.

Жалпы, тексеріс қорытындысы бойынша әуе компаниясының сертификаттарының қолданысын тоқтатуға негіз бола алатын басқа да көптеген елеулі бұзушылықтар мен кемшіліктер анықталған.

«Олардың қатарында авиациялық оқиғаны жасыру, әуе кемесінің қандай да бір үлгісін басқаруға рұқсат алу үшін ұшқыштарды даярлау туралы жалған сертификаттарды пайдалану, ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді орындау туралы жалған құжаттар жасау секілді кемшіліктер бар. Әуе компаниясы 2019 жылдың 25 желтоқсанында Фоккер-100 UP-F1017 әуе кемесімен болған авиациялық апаттың нақты себептерін атамады», - деп хабарлады комитеттен.

Мәлім етілгендей, әуе кемесінің командирі «Нұр-Сұлтан» халықаралық әуежайынан Шымкент бағытында ұшып шыққаннан кейін №1 гидрожүйенің істен шығуын анықтаған. Бұл олқылық гидравликалық сұйықтықтың толығымен ағып кетуіне байланысты болған. Артынша бұл, жалғасқанатшаның шықпай қалуына, шассидің алдыңғы тірегін, биіктік рулін элерондарды, реверсті және ұшу кезіндегі басқа да жабдықтарды басқару тетіктерінің істен шығуына алып келген. Күрделі жағдайға қарамастан, әуе кемесінің командирі №2 авариялық гидрожүйені қолдана отырып ұшуды жалғастырған. Шымкент қаласының әуежайына қонғаннан кейін, әуе қозғалысын басқару диспетчеріне шассидің алдыңғы тірегін басқару тетігінің істен шыққаны туралы жалған ақпарат берген.

Бұдан бөлек, ә уе компаниясы ұшқыштарға авиациялық қауіпсіздік және қауіпті жүктерді тасымалдау бойынша қайта даярлау курсын аяқтағаны туралы формальды сертификаттар берген. Тексеру барысында анықталғандай, сабақ уақытында және сынақтан өту кезінде пилоттар елдің басқа өңірлерінде ұшу тапсырмасында болған.

Сондай-ақ авиакомпанияның екі ұшқышы Фоккер 70/100 үлгісіндегі әуе кемесін басқару үшін қайта даярлау сертификаттарын қолдан жасағаны белгілі болды.

«Латвияның оқу орталығында олар практикалық емтиханды тапсыра алмаған. Осыған байланысты оларға аталған кеме үлгісін басқару құқығы берілмей, тек курсты тыңдағандары жөнінде анықтама тапсырылған», - делінген тексеріс қорытындысында.

Осылайша, лицензияға рұқсат белгісін қойдыру үшін олар уәкілетті органға курсты сәтті аяқтағаны туралы жалған сертификат ұсынған. Оқу орталығы сертификаттардың жалғандығын растады.

Қазіргі уақытта авиациялық персонал куәлігін қайтарып алу мәселесі шешілуде.

««Bek Air» АҚ авиациялық қозғалтқыштарды өндіретін зауыт - « Rolls Royce»-тің қолдауы жөніндегі келісімшартқа отырмаған. Сонымен қатар, инженерлік процедуралар нұсқаулығын бұза отырып, авиациялық қозғалтқыштардың пайдалану деректері өндіруші зауытқа оларды өңдеу үшін жіберілмеген. Сондай-ақ оларды өздігінен «Bek Air» АҚ-да өңдеу жүргізбеген. Осылайша әуе компаниясы авиациялық қозғалтқыштардың жай-күйіне мониторинг жүргізбеген. Сәйкесінше олардың сенімділігі мен ұшу кезіндегі қауіптер туралы ақпараты болмаған. Әуе компаниясы уәкілетті органның бекітуінсіз инженерлерге рұқсат санатын өз бетінше беріп келген. Сондай-ақ тиісті рұқсаты жоқ инженерлерге әуе кемелерінде техникалық және пайдалану жұмыстарын жүргізуге рұқсат берген», - деп хабарлайды комитеттен.

Сондай-ақ, Алматы әуежайында әуе компаниясының екі инженері Фоккер-100 UP-F1014 ұшағына техникалық қызмет көрсету туралы құжатты жалған рәсімдегені анықталып отыр. Осы жұмыстар орындалатын күні борт Ауғанстан аумағында әуе сапарын орындау үстінде болған.

«Bek Air» АҚ-ның қызметін жоспардан тыс тексеру нәтижелері әуе компанияға жіберілді. Әуе компаниясы 10 күн ішінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне барлық бұзушылықтарды жою бойынша түзету іс-қимылдарының жоспарын ұсынуы тиіс. Егер бұзушылықтар 6 ай ішінде жойылмаса, пайдаланушы сертификаты мен ұшуға жарамдылық сертификаттары кері қайтарылып алынады», - деп ескертеді Азаматтық авиация комитеті.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT