Бегабат Ұзақов: Әдебиетті айтасыз, қазір қасиетті 4 кітапқа да сұраныс бәсеңдеп кеткен

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, жазушы, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің өзбек редакциясындағы шығарушы редакторы Бегабат Ұзақов 50 жасқа толды. Мерейтойға байланысты қаламгер әріптесіміздің сұхбатын назарыңызға ұсынып отырмыз.

ҚАРАҚАЛПАҚ ТОПЫРАҒЫ ҚАЗАҚҚА НЕБІР АСЫЛ ПЕРЗЕНТ СЫЙЛАДЫ

- Бегабат аға, ердің жасы 50-ге келіп жатыр екенсіз. Бұл жасты шығармашылық адамы үшін кемелге келген шақ деп айту дұрыс па, әлде бергенінен берері көп белес деп қабылдау керек сияқты ма?

- Әдебиетте жас деген шартты ұғым. Әйгілі Лермонтов, Бараташвили, Айбергеновтер 30-ға толмай-ақ берерін беріп кетті. Гёте «Фауст» шығармасын 1790 жылы бастап, 1806 жылы 57 жасында аяқтады. Петрарка Лаураға арналған әйгілі сонеттерін қартайған шағында жазды. Парадокс па, парадокс!

Қазіргі кезде жазу мен шығару дегенді бөлек қарастыру керек сияқты. Әсіресе, 90–жылдардағы өтпелі кезеңде әдебиеттің дағдарысқа түскені шындық. Алдыңғы сапқа жауынгер жанрлар публицистика мен сатира шығып кетті. Бұл өзі барлық өтпелі кезеңдерге тән проблема болса керек. XIX ғасырда Лев Толстой күнделігіне «Публицистика алға шығып кетті. Көркем әдебиет өлді» деген мағынада өз пікірін жазып қойған. Бірақ, көркем әдебиет өлген жоқ...

Кітап шығару ісі қазір біршама жақсарғанымен, бір ізге түсіп кете қоймады. Туындылары суырмасында «сүрленген» қаламгерлер баршылық.

Шығармашылық адамы үшін 50 жас аз да емес, көп те емес.

- Сіз өскен орта Төлеген Айбергеновті, Есенғали Раушановты жерлесіміз деп мақтан тұтатын қазақи орта екенін білеміз. Қарақалпақстандағы қазақтардың ұлт руханиятына қосқан үлесін қаламыңызға арқау етіп, бірнеше мақала да жаздыңыз. Бүкіл қазақ біле бермейтін, сондағы жергілікті халықтың ортасында жасап, ондағы қандастарының қазақтықтан ажырап қалмауына өлшеусіз үлес қосқан кімдер бар? Жалпы ондай азаматтарға жергілікті биліктің, қоғамның көзқарасы қандай?

- Ең бірінші кезекте жыраулық поэзияны айту керек шығар. Қарақалпақстанды Бесқала деп те атайды. Ертедегі Ақпан Әйтбекұлы, Өтім Балтуғанұлы, кешегі өткен Мұрын Сеңгірбайұлы, Әбдімұрат, Сүгір, Құдайберген, Наурызбек, Қайып сияқты жүздеген жырау өтсе, бүгінде бұл үрдісті Қарасай, Өсербай Сәрсенбаев, Күнқожа Қайрулла сияқты тұлғалар жалғастырып жатыр. Ал елдікті, ұлт болмысын сақтап қалуда жыраулардың еңбегі мол.

Әдебиет, мәдениет саласына келсек, қазақ ұлтының өкілі Мырзағали Дәрібаев «Мыңдардың бірі» атты алғашқы қарақалпақ повесін жазған. Қарақалпақ әдебиетіндегі алғашқы әйел ақын Мәриям Қасымова да қандасымыз. Қармыс Досанов, Жаңабай Сапаров, Абдулла Садықов, Ахмет Ақназаров, Канал Әбдікәрімов сияқты ақын-жазушылар шығармашылығы оқулыққа енген. С. Қарабаева мен Т. Жолымбетова қарақалпақ театр өнерінің қарлығаштарынан саналады.

Наурыз Қарашаев, Құдайберген Тұрдықұлов, Тұрсынбай Жолдасов т.б. профессионал композиторлар болды.

Жұмабай Тәшенов бас әдеби журнал - «Әмударияны» басқарды. Бірнеше прозалық кітаптар мен комедиялардың авторы. 1960 жылы Ғабит Мүсірепов Қазақстанға шақырып алған. 1963 жылы режиссёр Александр Карпов түсірген «Ана туралы аңыз» фильмінің сценарийін Александр Сацкиймен бірге осы Жұмабай Тәшенов жазған. Әлемнің 37 елінде көрсетілген бұл фильм Карловый Варыдағы халықаралық байқауда жүлдегерлер санатына ілікті. 1965 жылы сценарий авторлары Жұмабай Тәшенов, Александр Сацкий, режиссёрі А. Карпов, басты рөлде ойнаған Ә. Өмірзақова Лениндік сыйлыққа ұсынылды. Кандидаттар барлық турдан сәтті өтіп, лауреаттарды жариялауға 3 күн қалғанда Мәскеуге қазақ қаламгерлері тарапынан Жұмабай Тәшеновтің үстінен жазылған арыз барады. Мәскеудегілер арызды тексеруге уақыт жоқтығын желеу етіп, кандидаттарды жарияланғалы тұрған тізімнен алып тастайды. Бұдан соң фильм Қазақстан мемлекеттік сыйлығына ұсынылады. Өкінішке қарай, Жұмабай Тәшеновтің аты-жөні бұл жолы да сызылып, сыйлық Ә. Өмірзақоваға ғана беріледі.

Фильм 1967 жылы Мәскеудегі «Искусство» баспасынан шыққан Д. Писаревскийдің «100 фильмов Советского кино» (166-167-беттер) кітабына Қазақстаннан енген жалғыз туынды ретінде тарихта қалды. Сондай-ақ, 1984 жылы «Өнер» баспасы шығарған «Сценарий казахского кино» кітабына енген 9 үздік киносценарийдің ішінде «Ана туралы аңыз» бесінші боп тұр.

Төлеген Айбергенов, Есенғали Раушановтардан басқа Қалбай Әбдіраман (7 мамыр күні өмірден озды), Сабыр Адай, Ахмет Өмірзақ, Бауыржан Бабажанұлы, Мақсат Әлсейіт, Мұрат Бекей, Жәлел Қуандықұлы секілді ақындар, Тұрсынбай Жандәулет, Алданазар Жайлыұлы, Қамар Қарасаева және т.б. жазушылар бар.

Фото: instagram.com/begabat.uzakov/

- Қарақалпақ қазақтарының ұлт әдебиетіне қосқан үлесінен халық біршама хабардар деп ойлаймын. Ал ғылым, техника, ауыл шаруашылығы, саясат саласында елге ерекше еңбегі сіңген, бірақ жалпақ жұрт біле бермейтін кімдер бар?

- XX ғасырдың басында ұлттық республикалар құрыла бастаған кезде мұндағы қазақтар да белсене саясатқа араласты. Қарақалпақ жерінде дүниеге келген қазақтар Қ. Адинаев пен М. Ибниаминов Хорезм Халықтық Совет Республикасын, 1919-1924 жылдарда Н. Ділмұхамедов ХХСР құрамындағы Қарақалпақ бөлімін басқарды. Осы бөлім негізінде Қарақалпақ автоном облысы, кейінірек автоном республикасы құрылды. Құрбанбай Қалекев 1938-1941 жылдарда Қарақалпақстанды басқарды. 1984-1989 жылдарда қарақалпақ елін басқарған Кәкімбек Салықовқа дейін де, одан соң да Қарақалпақстанда министр болған қазақтар баршылық. Жүсіп Мереев Қарақалпақстан Ауыл және су шаруашылығы халкомы, Жұмамұрат Ерекешов Дін істері министрі, Қарақалпақстаннан шыққан тұңғыш техника ғылымдарының докторы, СССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Өзбекстан мен Қарақалпақстанға еңбек сіңірген ирригатор Сауқым Жамақараев Әмудәрия дельтасы суғару басқармасы басшысы, «Аралсужобалау» ғылыми зерттеу институтының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Дәулет Жұмабаев Қарақалпақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы, Ә. Үркімбаев Ауылшаруашылығы министрі, Дәуімшар Ожыраев ҚР Бас прокуроры, Өзбекстан Әділет министрінің бірінші орынбасары болды.

ӨзҒА мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор Исмайыл Сағитов, филология ғылымдарының докторы Сыражаддин Ахметов, филология ғылымдарының кандидаты Бабаш Исмайыловтар жазған әдебиет, педагогика ғылымдарының кандидаты Жұмырбай Қайырбаев жазған «Әліппе» оқулықтары 50 жылдан астам уақыт оқытылды. Жұмырбай Қайырбаев латынға негізделген алғашқы қарақалпақ әліпбиінің де авторы. Филология ғылымдарының докторы Байқазақ Бекетов 4 томдық қарақалпақ тілінің түсіндірме сөздігін дайындауға қатысты.

Ә. Нұрмаханова қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш филология ғылымдарының докторы. Тұңғыш роман авторы. 1960-1962 жылдарда ҚҚАССР Оқу министрі болды.

Эпидемиолог ғалым, медицина ғылымдарының докторы, ҚазССР ҒА мен СССР МҒА мүше-корреспонденті, 1937-1939 жылдарда ҚазССР Денсаулық халкомы, 1950-1954 жылдарда ҚазССР Денсаулық министрі, БҰҰ эксперті болған Ишанбай Қарақұловтың(1909-1992) да балалық шағы Қарақалпақстанның Әмудария ауданында өткен.

Қазақстанның еңбек сіңірген архитекторы Орысбай Баймырзаев 1939 жылы Нөкіс қаласында дүниеге келген. Ол 1982 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры ғимаратының жобасы үшін ҚазССР мемлекеттік сыйлығының лауреаты болған. Қазақ теңгесі авторларының бірі Хайролла Ғабжәлелов 1950 жылы Тақтакөпір ауданында дүниеге келген.

Кеуденбай Кәрібаев (1931-2002) Беруни ауданының тумасы. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, ӨзҒА мүше-корреспонденті, ВАСХНИЛ академигі, Өзбекстанға еңбек сіңірген ғылым қайраткері. ӨзҒА академик-секретары, Ташкенттегі «Қызыл сарқырама» ғылыми-зерттеу институтының директоры болып істеді. Мал шаруашылығына арналған оқулықтардың авторы.

Физика-математика ғылымдарының докторы, прфессор, ҚР ҰҒА академигі, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рәтбай Мырзақұлов ЕҰУ-да кафедра меңгерушісі, ол Хирш индексі (47) бойынша 7 жылдан бері Қазақстан мен Орталық Азия ғалымдарының арасында көш бастап келеді.

Фото: instagram.com/begabat.uzakov/

Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Сыражатдинұлы Ахметов Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде нейрокомпьютинг, желілік технологиялар, нейрондық желілер, цифрлық схемотехникадан сабақ береді.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бертағы Дәндібаев Өзбек күріш ғылыми-зерттеу институтының Қарақалпақ бөлімшесінде және Био-экология институтында лаборатория меңгерушісі болған. Қазір Қазақ ұлттық аграрлық университетінде істейді. Сусыз өсетін күріш түрін ойлап тапқан.

Техника ғылымдарының докторы Байзақ Исақұлов Ақтөбедегі «Дүние» университетінің ректоры болды. Техника ғылымдарының докторы Берік Ахметов Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры. Амандық Баталов (1952) - Қарақалпақстан Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ғаббас Баталовтың ұлы. Амандық Баталов 2014-2021 жылдары Алматы облысының әкімі болды.

Ерсұлтан Бектұрғанов 1993 жылдан - ҚР СІМ екінші хатшысы, ГФР-дағы ҚР Елшілігінің үшінші, екінші, бірінші хатшысы - Консулдық бөлімінің меңгерушісі. 1995 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының көмекшісі, 1996 жылдан - ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадрлық саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының кадрлық саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары. 2008 жылдың қазан айынан - ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадрлық саясат бөлімінің меңгерушісі. 2012-2016 жылдарда бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және 2016-2021 жылдары алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Бұл тақырыпты бір сұхбатта толық қамту мүмкін емес. Көп жылдардан бері Ғ.Іскендерұлы және А.Өмірзақпен бірге «Қарақалпақстан қазақтары» энциклопедиясын әзірлеуге атсалысып жатырмын. Бұйыртса, сонда ауқымды мәліметтер беріледі.

ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРҒАНДА ӘДЕБИЕТ ЭЛИТАРЛАНАДЫ

- Енді өзіңізге оралсақ... 50 жасқа жеткенде әдебиетші ретінде жоспарлаған дүниелеріңіздің неше пайызын іске асыра алдыңыз?

- Он пайызын шығар.

- Жазушылар одағының кеше ғана өткен құрылтайының алдында әлеуметтік желіде үлкен пікірталас болды. Әдебиет метасаналы буынның сұранысына жауап бере алмай жатқаны көп сыналды. Сіздің пікіріңіз қандай? Сіздің пайымыңызда қазір әдебиетшілер бұл талапқа сай дүниелер жазып жүр ме? Әлде ондай шығарма сондай контентті талап етіп жүрген буынның өз арасынан шығуы керек пе?

- Метасана терминін «тұлғаның өзін өзі тануы және өз танымдық үдерістері мен стратегиясын қарастыру» сипаттамасы ретінде Флейвелл енгізгенін білеміз. Метасана ойлап әрі біліп қана қоймай, адамдардың қалай ойлайтынын, не білетінін қарастыра отырып, өзіндік рефлексия жасау, мүмкіндіктерін зерделеуді де қамтиды.

Бүкіл буынның атынан жауап беру әдепсіздік болар. Әдебиет адамның жан дүниесін тәрбиелейтін құрал ретінде өмір сүре береді. Қалаберді, рухани сұранысқа әдебиеттен басқа кино, сурет, музыка сияқты көркемөнер түрлері де жауап беруі мүмкін. Қазір рухани сұраныс дегеннің өзі шартты ұғым болып қалды. Бәрі ситуацияға байланысты. Мәселен, өтпелі кезеңде материалдық байлыққа рухани сұраныс болуы да ықтимал. Халықтың жағдайы жақсарған кезде әдебиет, мәдениет элитарланады.

Гомердің «Илиада», «Одиссея», Фердоусидің «Шаһнама» шығармалары өз дәуірінде рухани сұранысты қанағаттандыра алды ма? Жоқ! Олар кезінде бір-ақ нұсқада жазылған. Адамдар қарны тойған соң надандық батпағынан шығып, жарық сәулеге ұмтылады. Сол кезде жоғарыдағы ұлы туындыларға сұраныс болып, миллиондаған нұсқаларда таратқан.

Сіз әдебиетті айтасыз, қазір қасиетті 4 кітапқа сұраныстың өзі бәсеңдеп тұр. Санасы саудагерленген ұрпақ иманын сатып, қайтарымына (сдача) Құранды беріп жіберуден тайынбайды.

Фото: instagram.com/begabat.uzakov/

- Әдебиеттің ішінде ең күрделі саналатын роман жанрына қалам тербеген қазақтың бірісіз. Мүмкіндік болса, осы күнге дейін жазған романдарыңызды ойлау қабілеті клиппен өлшенетін буынға лайықтап, қысқартып жазып шығар ма едіңіз?

- Жоқ! Шығарманың құндылығы заманмен немесе өткінші сұраныспен өлшенбейді. Әдебиет оқырманға түсінікті болайын деп өз биігінен түспеуге тиіс. Керісінше, оқырман талғамын өсіру үшін жоғары көтерілу керек.

Эдгар По аштан өлді. Федор Достоевский өкпе ауруынан қайтыс болды. Артур Рембо 3 кітап жазған соң әдебиеттен мүлде алыстап, құл сататын саудагерге айналды. Франц Кафка өлерінің алдында досынан бүкіл шығармаларын өртеп жіберуді өтінді. Бізде өткен ғасырда Ілияс Есенберлин романдары мен Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын» жастанып оқыды. Бұл шығармалар сол кездегі оқырманның сұранысын қанағаттандырды. Ал бүгінде Ілияс Есенберлин мен Әзілхан Нұршайықовтың романдары көркем очерк деңгейіндегі шығармалар екені даусыз. Сондықтан, оларды классика дегенге келіспейтіндер де баршылық. Ал алғашқы тізімдегі шетелдік қаламгердің еңбектері адамзаттың рухани сұранысына жауап берумен бірге мемлекеттер экономикасының өсуіне үлес қосып жатыр.

- Сізді әдебиеттегі орта буынның өкілі десек келетін шығар. Алдыңыздағы аға буынға, артыңыздағы іні буынға айтарыңыз бар ма?

- Біз, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбай, Асқар Сүлейменов, Оралхан Бөкей, Қажығали Мұханбетқалиұлы, Молдахмет Қаназ, Сайлаубай Жұбатырұлы, Қуаныш Жиенбай, Серік Асылбекұлы сияқты жазушыларды, Өмірзақ Қожамұратов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Әбдірәш, Кеңшілік Мырзабек, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Мейірхан Ақдәлет, Байбота Қошым-Ноғай, Есенғали Раушанов, Шаһизада Әбдікәрімов, Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Гүлнәр Салықбай сияқты ақындарды оқып өстік. Талғамымды қалыптастырғаны, санамды оятқаны үшін оларға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Ал жастар мансап, тағы басқа сондай өткінші нәрселерге алданбай, тек шығарма жазуға тиіс. Қаламгердің қай басылымды басқарғаны ешкімге қызық емес, артыңызда тек шығармаңыз ғана қалады.


Соңғы жаңалықтар