Базар иелеріне дербес жауапкершілік жүктеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сауда және интеграциялар министрі Бақыт Сұлтанов базар иелерінің жауапкершілігін күшейту шаралары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Бас прокуратурамен бірге базар иелерінің жауапкершілігін күшейтуді тапсырған еді.

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура биылғы мамыр айында 122 базарды тексеруді аяқтады. Тексеру қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі проблемалар анықталды», - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Б. Сұлтанов Бас прокуратурамен, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бірқатар заңнамалық түзетулер әзірленгенін айтты.

«Олар мына бағыттар бойынша базарлардың қызметін одан әрі жаңғырту шараларын көздейді: базардың меншік иесіне сауданы ұйымдастыру үшін дербес жауапкершілікті бекіту; базарларға қойылатын біліктілік және инфрақұрылымдық талаптарды белгілеу; отандық тауар өндірушілердің сауда алаңдарына бәсекелі және еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйені құру. Бұл нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына енгізілген», - деді Бақыт Сұлтанов.

Бүгінгі таңда бұл заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында. Оның күзгі сессия барысында қабылдануын күтеміз.

Бұған дейін Сауда министрі «Ұлттық тауар өткізу жүйесін іске қосудың не себепті кешіктірілгенін түсіндірген еді.


Соңғы жаңалықтар