Базалық жалақыны көтеру бойынша ұсыныс әзірленуде - Руслан Дәленов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде базалық лауазымдық жалақыны көтерудің бірнеше нұсқасы қаралып жатыр. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен жергілікті өкілдік органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне Ұлтық экономика вице-министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл ел бюджетінің мүмкіншілігіне қатысты мәселе. Базалық жалақыны арттыруды екі бағытта қарастыруға болады. Бірінші - жалақы кестесі бойынша коэффицентті ұлғайту. Екінші - ортақ көтеру. Бұл екі тәсіл де бюджеттен қосымша қаражатты қажет етеді. Қазіргі уақытта Еңбек министрлігі түрлі нұсқаны қарап жатыр. Салық жүктемесінің мүмкіншілігіне қарай ұсыныс әзірленеді», - деді ол.

Осы ретте вице-министр базалық лауазымдық жалақыны көтеру бойынша ресми шешім қабылданғанын баса айтты.

«Халықтың табысын көтеруге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оның үш бағыты бар. Бірінші - төменгі жалақы деңгейін көтеру. Екінші - іскерлік белсенділікті жандандыру. Кәсіпорындар көп болып, бизнес байыған сайын олар қызметкерлеріне көп жалақы төлей алады. Үшінші - көлеңкелі экономикамен күрес», - деді вице-министр.

Руслан Дәленовтің сөзіне қарағанда, көлеңкелі экономикамен күрес қандай да бір санкциялар қолданылумен қатар ынталандыру шаралары да жүргізілетін болады.

«Банк карточкасымен көмегімен жасалған айналымға салықты төмендетуге дейінгі түрлі шараларды қарастырамыз. Адам карточкамен төлем жасағаны үшін салықтық бонустар енгізуді де қарастырып отырмыз. Аталған бонустармен ол көлік, мүлік салықтарын төлей алады. Көптеген кәсіпорындар көлеңкеге кетіп жатады. Өйткені, айналым үлкен болғанда олар қосылған құн салығын төлеуші болады. Ал ол айналым қосымша 12 пайызды құрайды», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар