Базалық зейнетақыны өзгерту: Жұмыссыз жүрген жылдар еңбек өтілі деп жазылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы жаңа тәртіп бойынша төленеді. Оған сәйкес, еңбек өтілі 10 жылға жетпейтін зейнеткерлер базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін - 15 274 теңгені ала береді. Ал 33 жылдық өтілі бар адамдар одан екі есе артық алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Еңбек және xалықтық әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, белгілі бір себептермен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыса алмаған кейбір азаматтарға жеңілдік жасалады.

«Біріншіден, бала күтімімен үш жыл жүріп қалғандарға аталған уақыт еңбек өтілі деп жазылады. Бірақ ол уақыт 12 жылдан аспауы тиіс. Сол сияқты I және II топтағы мүгедектерге, сондай-ақ, 80 жастан асқан адамдарға күтіп жасағандарға да еңбек өтілі жазылады. Сосын әскери адам қызмет бабына байланысты басқа бір жерге жіберілсе, ал ол жерде оның жұбайына жұмыс табылмаса, оның да өткізген уақыты еңбек өтіліне жатқызылады. Дипломаттардың жұбайларына да тура сондай жеңілдік жасалады», - деді С.Жақыпова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, келесі айдан бастап базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгереді. Мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне тәуелді болады. Бүгінде базалық зейнетақы барлығына бірдей төленіп отыр. Ал оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін құрайды. Ол - шамамен 15 274 теңге. Енді, шілде айынан бастап базалық зейнетақы еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне қарай төленеді. 

«Мәселен, зейнеткердің еңбек өтілі болмаса, сосын зейнетақы жинақтау жүйесіне мүлдем қатыспаса, я болмаса, еңбек өтілі 10-ақ жыл болса, оған жаңағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін - 15 274 теңгені төлей береді. Ал 10 жылдан артық еңбек өтілі бар адамға қосымша әрбір жыл үшін 2 процент қосылады. Сонда 33 жылдық еңбек өтілі бар адам базалық зейнетақының толық мөлшерін - 28 284 теңгені ала алады. Әрбір адам өзінің зейнетақы мөлшерін «электронды үкімет» порталынан, я болмаса, «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-кеңселерінен біле алады. Сол жерде толық анықтаманы да алуға мүмкіндік бар», - деп атап көрсетті С.Жақыпова.

Соңғы жаңалықтар