Базалық зейнетақы мөлшері алдағы 5 жыл бойы біртіндеп өседі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова базалық зейнетақы мөлшері алдағы 5 жыл бойы біртіндеп өсетінін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Зейнетақы және әлеуметтік сақтандыру жүйелерінің міндеттілігі жеке меншік сақтандыру компанияларында төмен деңгейде. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ғана емес, жалдамалы жұмыскерлердің белгілі бір бөлігі де қамтылмаған күйінде қалып отыр.

Егер кірістің жоғарғы шектерін ескермесек, онда зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар аударылатын кірістердің деңгейлері де әр түрлі болады. Зейнетақы жарналарының орташа табысы экономика бойынша орташа айлық жалақыдан 20%-ға төмен.

Ірі жұмыс берушілер мен зиянды өндірістердің қызметкерлері жоғары сақтандыру тарифтеріне, өмірді сақтандыру компанияларынан төленетін төлемдердің төмен мөлшеріне және сақтандыру компаниялары қызметінің ашықтығына назар аударады. Шара қолданбау болашақта жүйенің сенімі мен қаржылық тұрақтылығы мәселелеріне әкелуі мүмкін», – деді Тамара Дүйсенова ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Министр зейнетақы мен сақтандыру төлемдерінің мөлшерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты кезең-кезеңімен ұлғайту жалғасатынын айтты.

«Зейнетақы жүйесіне Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша енгізілген өзгерістер азаматтарға бұрынғы табыстарының кемінде 40% мөлшерінде зейнетақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өсім ең алдымен базалық зейнетақының ең төменгі мөлшерін алатын зейнеткерлерден басталады. 2023 жылы зейнеткерлердің осы санаты үшін тек базалық зейнетақы мөлшері 21%-ға дейін көтерілді. Кезең-кезеңмен өсу 5 жыл ішінде, яғни 2023 жылдан 2027 жылға дейін жүргізіледі. Бұл өткен жылғы инфляцияны және оның кейінгі жылдарға арналған болжамды дәлізін жабуға мүмкіндік береді», - деді Тамара Дүйсенова.

Дәл осындай жұмыс әлеуметтік сақтандыру жүйесінде жүргізілмек.

«Биыл жұмысынан айырылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемдер мөлшері жоғалтқан табыстың 45%-на дейін жеткізіледі», – деді ве́домство басшысы.


Соңғы жаңалықтар