Базалық ставканың жаңа деңгейі теңге активтеріне сұранысты арттырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банк инфляцияны таргеттеу саясатын жалғастырады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық банк инфляцияны таргеттеу саясатын жалғастырады. Бұл 2019 жылға Ұлттық банктің негізгі мақсаты инфляцияны 4-6 пайыз дәлізінде ұстауды білдіреді. Осы дәліз республикалық бюджеттің негізгі әлеуметтік көрсеткіштерін индекстеу параметрлерін есептеу кезінде қолданылған. Инфляция үдерістерін реттеу үшін негізінен ақша-несие саясатының пайыздық арнасы іске қосылады. Бұл ақша нарығындағы ставка дәлізін анықтайтын негізгі құрал ретінде Ұлттық банктің базалық ставкасы болып қалатынын көрсетеді. Ұлттық банк елімізде қалыптасқан және күтілетін инфляцияның мөлшеріне, сондай-ақ төлем балансының жағдайын анықтайтын сыртқы факторларға байланысты ставка мөлшерін белгілейді», - деп тоқталды Данияр Ақышев.

Оның атап өтуінше, 2018 жылғы 9 айда инфляция 3,3 пайызды құрады. Жылдық инфляция 2018 жылдың қыркүйегінде өткен жылдың аяғындағы 7,1 пайызбен салыстырғанда 6,1 пайызға дейін төмендеді.

«Инфляцияның өсу тәуекелін төмендету үшін 15 қазанда базалық ставка 9 пайыздан 9,25 пайызға дейін көтерілді. Базалық ставканың жаңа деңгейі теңге активтеріне сұранысты арттырады және қолайлы ақша-несиелік жағдайларын сақтауға мүмкіндік береді», - деді ҰБ басшысы.

Соңғы жаңалықтар