«Бәйтерек» пен «ҚазАгроны» біріктіру жұмысы қалай жүріп жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Асқар Мамин «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтерін біріктіру жұмысы 2021 жылғы наурызда аяқталатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, өткен жылғы халыққа Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктіру керектігін мәлім еткен болатын.

Бұл мәселені Мәжіліс депутаттары да көтеріп, Премьер-министр Асқар Маминге арнайы сауал жолдаған еді.

«Мемлекет басшысы екі холдингті біріктірудің негізгі амалдарын мақұлдады. Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын жүзеге асыру бойынша Жалпыұлттық жоспардыуң 52-ші пунктін орындауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың еншілес компанияларының санын қысқарту мақсатында бірқатар компанияның функционалы мен активтері жеке қор ретінде «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-қа беріледі. Сонымен қатар, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ пен «Кепілдендірілген ипотекалық компания» АҚ-ты біріктіру жолымен тұрғын үй құрылысы саласында Бірыңғай оператор құрылды», - дейді жауабында Асқар Мамин.

Агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық маңыздылығын есепке ала отырып, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-қа «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрамындағы еншілес ұйым ретінде жекелеген мәртебе беру көзделіп отыр.

Сонымен бірге АНК-ның микробизнесті тікелей несиелеу және өсімдік шаруашылығын сақтандыру жағынан функционалдық жарғылық жұмысы толықтырылады.

Одан бөлек «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ несие кепілдендіру функциялары «Даму» КДҚ» АҚ-қа беріліп, қордың өзі таратылады.

«Холдингтерді біріктіру жұмысы 2021 жылғы наурызда аяқталады. Артынша жұмыстың барлық бағыты мен салалық тәжірибені, мемлекеттік саясат пен қолдау механизмі амалдарын есепке ала отырып, бірыңғай институтты дамыту стратегиясы әзірленеді. Жаңа стратегия аясында ең бірінші кезекте экономиканы дамытуда мемлекеттік қолдау көрсету шараларын жетілдіруге бағытталған негізгі басымдықтар мен міндеттер пысықталады», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар