«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдар саны қысқарды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысында екі еншілес компанияны қайта ұйымдастыру, алтыншы облигация бағдарламасын шығару, сондай-ақ Холдингтің басқарма мүшелерінің санын қысқарту туралы шешім қабылданды. Бұл туралы ҚазАқпарат primeminister.kz сілтеме жасап хабарлайды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында тұрғын үй бағдарламаларының операторлары санын қысқарту бойынша қойылған міндеттерді іске асыру аясында Директорлар кеңесі өзінің еншілес ұйымдарын — «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Қазақстандық Ипотека Компаниясы» ИҰ» АҚ қосу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, биыл жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ-ны тұрғын үй құрылысы саласындағы Бірыңғай оператор құрамына қосу жоспарланған.

Отырыс барысында мемлекеттік тұрғын үй саясатын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін алтыншы облигация бағдарламасын іске қосу туралы шешім қабылданды.

Директорлар кеңесі машина жасауды дамыту жобаларын қаржыландыру мақсатында «БРК-Лизинг» АҚ жарғылық капиталын 8 млрд теңгеге ұлғайту үшін Холдингтің 8 млн қарапайым акциясын орналастыруды бекітті.

Отырысқа қатысушылар 2019 жылдың IV тоқсаны бойынша «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның тәуекелдеріне қатысты есепті бекітті. Аталған кезеңде Холдинг тәуекелдері бойынша нысаналы деңгей мен лимиттер бұзылған жоқ. Қолжетімді қаржы ресурстарының көлемі 571 млрд теңгеден 595 млрд теңгеге дейін артты, бұл негізінен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның өз капиталының ұлғаюы есебінен мүмкін болды. Тәуекелдердің басқа түрлері бойынша айтарлықтай өзгерістер орын алған жоқ, тәуекелдер орташа деңгейде бағаланып отыр.

Сондай-ақ, отырыста ішкі аудит қызметінің 2019 жылдың IV тоқсанындағы есебі, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 2019-2020 жылдарға арналған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ корпоративті басқаруды жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалу нәтижелері және басқа да мәселелер қаралды.


Соңғы жаңалықтар