«Бәйтерек» холдингінде жаңа бағдарламаның орта бизнесті қолдау шарттары түсіндірілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін «Бәйтерек» холдингі басшылары, Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен әкімдік қызметкерлері орта бизнесті қолдау бағытында қабылданған жаңа бағдарламаның шарттарын түсіндірді.

Холдингтің басқарушы директоры Қаныш Төлеушиннің айтуына қарағанда, жаңа бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде өңірлік және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті бола алатын компанияларды құру мен шикізатты емес экспорт пен импортты алмастыру қарқынына қол жеткізу жоспарланып отыр.

Алматыда кәсіпкерлердің өтінімдерін «Даму» қоры қабылдайды. Жаңа бағдарламаның жүзеге асу мерзімі 10-11 айды құрайды. Осы уақыт аралығында мамандар әр кәсіпорынның өндіріс орнына барып, соған лайықты даму жоспарын құрайтын болады.

«Экономика секторларының ішінде басымдық машинажасау, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс заттарын өндіру салаларына беріледі. Өңдеу секторында жақсы дамып келе жатқан 30 кәсіпорын бағдарламаға қатысады. Холдинг қызметкерлерінің арасынан 6 менеджер мен 6 жоба жетекшісі іріктеліп алынады. Олар кәсіпорындар мен біздің еншілес компаниялармен біріге жұмыс жасайтын болады. Әр маманға 5 компаниядан бөліп беретін боламыз», - деді Қ.Төлеушин.

Бағдарлама «Бәйтерек» холдингінің еншілесі құрылымдары - «Қазақстан Даму Банкі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, «Қазына капитал менеджмент» АҚ және «Қазэкспортгарант» АҚ арқылы жүзеге аспақ. Аталған институттардың әрқайсысы бағдарламаны жүзеге асыру үшін өз қолдау құралдарын ұсынады. Атап айтсақ, тікелей несиелеу, лизингтік келісімдерді қаржыландыру, пайыз мөлшерақыларын субсидиялау, экспорттық сақтандыру, экспорт алдындағы қаржыландыру мен сауда үрдістерін қаржыландыру және инновациялық гранттар бар.

Холдингтің басқарушы директоры Қаныш Төлеушин қаржыландыру құралдары туралы да нақтырақ айтып берді.

«Қазақстан Даму Банкі ірі жобаларға 4 млрд. теңгеге дейін несие бөледі. Қарыз 10-20 жылға 7-5%-дық өсіммен беріледі. Банк менеджменті де өз саясатын өзгертіп, несие портфелінің үлесін 80 пайызға жеткізуді меже етіп қойды. Бұл бұрынғы көрсеткіштен 2,5 есе артық. Сондай-ақ өтінімдерді қарау мерзімі қысқартылды. Енді кәсіпорындар 45 күн ішінде банктің шешіміне қол жеткізе алады», - деп қорытындылады ол.

Соңғы жаңалықтар