«Бәйтерек» холдингі тұрақты даму мақсаттары үшін қандай жұмыс атқарады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Астана халықаралық форумында Еуразияның тұрақты даму мүмкіндіктері туралы панельдік сессия өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бәйтерек» басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев холдингтің инвестициялық жобалары тұрақты даму мақсаттарына сәйкес келетінін айтты.

«Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлі ерекше. Қазіргі жағдайға қарасақ, жеткізу тізбегі бұзылған, логистика да айтарлықтай өзгерген. Бұл мәселелер Үкіметтің де, жеке сектордың да күн тәртібіндегі маңызды тақырыпқа айналып отыр. Әрине, Қазақстан да бұл мәселелерді талқылауға ниетті. Тұрақты даму мақсаттарына келсек, мұнда үш аспектіні айту маңызды. Біріншіден, бұл экономикалық өсу, оны әлеуметтік прогрессіз, қоршаған ортаны қорғаусыз дамыту мүмкін емес. «Бәйтерек» – Қазақстанның қаржы секторындағы ірі агенттердің бірі. Біз таразының бір жағына тұрақтылық пен экономикалық дамуды, екіншісіне – әлеуметтік және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін қоюымыз керек», - деді ол.

Айтуынша, холдингте бірқатар институттар және климаттық, экономикалық, әлеуметтік факторлардың маңызды портфолиосы бар.

«Құрылыс мәселелері, қолжетімді және тұрақты болуы керек тұрғын үй мәселелері баршамызға маңызды тақырып деп ойлаймын. Біздің еншілес ұйымымыз «Отбасы банк» баспана алуға ипотека береді және ол біз үшін өте маңызды қаржылық ойыншы. Сондай-ақ «Бәйтерек» аясында шағын және орта бизнеспен жұмыс істейтін «Даму» қоры бар. Қор жұмысының нәтижесінде елде ШОБ саны былтырғы 33 %-дан 36 %-ға дейін артты», - деді ол.

Франциялық Rungis SEMMARIS International Market атқарушы директоры Бенуа Жюстер Қазақстанның агросалада үлкен әлеуеті бар екенін, өзекті мәселелер де жоқ еместігін айтты.

«Қазақстан жерінің 75% ауышаруашылық қызметке жарамды, бірақ тек 30% қолданылуда. Сондықтан мұны «Бәйтеректің» маңызды мақсаты деп сенемін. Біздің ОА-дағы өкілдігіміз бар және бірқатар проблеманы анықтадық. Мұнда су ресурстары, сауданы үйымдастыру мәселелері болуы ықтимал. Оған қоса, қойма инфрақұрылымы, базарлар, көлік қызметтері жеткіліксіз. Кедендегі қиындықтар, әкімшілік кедергілер де бар. Салада трейдерлер, көтерме саудагерлер жетіспеуі мүмкін және бұл қызметті қазір көлік компаниялары монополиялап алған сынды. Салдарынан 30% дейінгі азық-түлік, көкөніс шығынын көріп отырмыз. Еуропада мұндай шығындар 5% аспайды. Жеткізу тізбегіндегі жағдайдың нашарлығынан түпкілікті тұтынушыға өнім қымбат бағада және төмен сапада жетеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар