«Бәйтерек» холдингі мен «Ойлер Гермес» агенттігі 1 млрд еуроға келісім жасасты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Бәйтерек» холдингі мен «Ойлер Гермес» халықаралық экспорттау-сақтандыру агенттігі арасында 1 млрд еуро сомасына келісім жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Әріпханов және «Ойлер Гермес» ірі халықаралық экспорттау-сақтандыру агенттігінің басшысы Инго Юнкер сақтандыру шарттарын жасасу лимитін ашу туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Бұл құжат Берлин қаласында 2019 жылғы 3 маусымда өткен Германияның Экономика министрлігі мен «Ойлер Гермес» агенттігінің өкілдерімен өткен кездесу шеңберінде жасалды.

Негіздемелік келісім Қазақстан Республикасы атына Германияның экспорттық операциялары үшін 1 миллиард еуро көлемінде сақтандыру кепілдігінің лимитін (неміс тарапынан растау 2019 жылғы 14 маусымда келіп түсті) ашады.

«Бәйтерек» холдингі «Ойлер Гермеспен» өзара іс-қимыл жасау бойынша Қазақстанның ресми операторы болып белгіленді. Лимитті ашу ел экономикасына неміс инвестицияларын тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлер мен банктердің Германиямен ғана емес, бүкіл Еуропалық одақтың елдерімен бірлесіп жұмыс істеуіне жаңа мүмкіндіктер береді», - делінген ақпаратта.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚҚазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Корпоративтік басқарудың озық стандарттарына сәйкес келетін және оны әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін арттыру арқылы Қазақстан экономикасының тұрақты дамуы бойынша мақсаттарды қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы Үкіметінің негізгі институты. Холдинг құрамына «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ, «KazakhExport» ЭСК» АҚ, «Даму» КДҚ» АҚ, «QazTech Ventures» АҚ, «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ, «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Kazakhstan Project Preparation Fund» ЖШС кіреді.

«Ойлер Гермес»(Euler Hermes) - экспорттық кредиттерді сақтандыруға мамандандырылған әлемдегі ең ірі компания болып табылатын сақтандыру компаниясы. Акцияларының көбі Француз сақтандырушысы Allianz France-қа тиесілі, ол өз кезегінде ең ірі неміс сақтандырушысы Allianz SE-ге тиесілі. Кредиттік сақтандырумен айналыса отырып, 100 жылдан астам қаржылық тәуекелдерден қорғаумен айналысатын Euler Hermes компаниялардың дебиторлық берешектерін басқару үшін қызметтердің толық спектрін әзірледі.

Соңғы жаңалықтар