«Бәйтерек» холдингі компаниялар тобының алдағы 5 жылға арналған жоспары бекітілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда Директорлар кеңесі «Бәйтерек» холдингі компаниялар тобының алдағы бес жылға арналған жоспарын бекітті. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.

Директорлар кеңесі мүшелеріне ұсынылған холдинг дамуының жоспарына сай, 5 жылда компаниялар тобының активі 1,9 трлн. тенгеден 4,1 трлн., яғни 2,2 есеге артады. Сонымен қатар, 2014-2018 жылдар аралығында холдинг компаниялар тобының активтеріндегі несие және инвестициялық портфель үлесі қазіргі 47 пайыздан 77 пайызға ұлғаймақ. Ал холдингтің бесжылдық жиынтық жоспары бойынша, табыс көлемі 2014 жылғы 168 млрд.теңгеден 2018 жылы 272 млрд. теңгеге, яғни 1,6 есеге немесе 61% өспек. Қорытынды жиынтық табыс 2014 жылы 9,9 млрд. теңге көлемінде жоспарланған болса, ол 2018 жылы - 68 млрд. теңгені құрайтын болады.

«Капиталдың рентабельдігі 2014 жылғы 1,4%-ден 2018 жылы 6,1%-ға артады. Өз кезегінде активтердің рентабельдігі 0,5% 1,7% өсетіні күтіледі. Негізгі қаржы көздеріне халықаралық және жергілікті капитал нарығы, республикалық бюджет, Қазақстан Ұлттық қоры және «Қазақстан тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ тарапынан тартылған халық депозиттері қамтылып отыр. Директорлар кеңесінде ұсынылған жоспарға сай, республикалық бюджет пен Ұлттық қордан холдингті қаржыландыруға жұмсалатын қаржы көлемі біртіндеп азайып, 2017 жылы ол мүлдем тоқтатылады. Керісінше, халықаралық және жергілікті нарықтан, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің депозиттері тарапынан тартылатын қаржы көбейе түспек», - делінген баспасөз баянында. Сонымен бірге, отырыста «Бәйтерек» холдингінің Инвестициялық саясаты да бекітілді. Оның мақсаты Холдинг пен оның барлық еншілес кәсіпорындарындағы инвестициалық қызметті мейлінше тиімді, әрі ашық түрде жүргізуге арналған. «Бәйтерек» холдингі жиын барысында Ұжымдық басқару кодексімен қатар холдингтің жарғысын, сондай ақ, 2014-2016 жылдарға арналған басқарма төрағасы, басқарма төрағасының орынбасарлары, басқарма мүшелері қызметінің негізгі бағыттарын анықтайтын картаны да бекітті.

Соңғы жаңалықтар