«Бәйтерек» холдингі баспанамен қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесін ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - АЭФ-2019 аясындағы панельдік сессияда «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету тұрғысындағы халықаралық тәжірибе туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасы бойынша 2030 жылға қарай 1 қазақстандыққа шаққанда баспанамен қамтылу деңгейін 30 шаршы метрге дейін жеткізу қажет. Ол үшін жаңа баспананы салудың жыл сайынғы өсімін 8 пайыздан кем емес деңгейде қамтамасыз ету керек. Бұл тұрғыда алдағы 12 жылда 220 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру міндеті белгіленген. Алға қойылған мақсатты шешу тұрғысында халықаралық тәжірибені зерттеп шықтық», - деді Ә. Омарқожаев «Қолжетімді тұрғын үйдің заманауи экожүйесін құрудағы мемлекеттің рөлі» атты панельдік сессияда.

Оның сөзіне қарағанда, бұл бағытта Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінің тәжірибесін назарға алуға болады. Бұл мемлекеттерде халық үшін барлық қажетті шараларды ескере отырып, Бірыңғай оператор кешенді түрде жаппай түрғын үй құрылысын іске асырады. Бұл тұрғыда құрылыстық жаңа әдістерін, заманауи материалдар мен технологияларды қолдану маңызды екені атап өтілді.

Осы арқылы мемлекеттік деңгейде қолжетімді баспананың заманауи экожүйесін құруда үш негізгі факторды белгілеуге болады. Біріншіден, Бірыңғай оператор қажетті инженерлік, әлеуметтік және коммерциялық инфрақұрылыммен баспана құрылысы мәселелерін кешенді түрде шешеді.

Екіншіден, саланың барлық қатысушылары үшін тетіктердің кең шоғыры арқылы қолжетімді қаржыландыру. Үшіншіден, құрылыс саласын цифрландыру.

«Нысындарға коммуникацияларды заманауи түрде тартуға ерекше назар аударған жөн, себебі бұл қадамдарсыз тұрғындарға қолайлы баспананы салу мүмкін емес. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттердің шектеулі екенін ескере отырып, балабақша, мектеп және аурухана құрылысы кезінде жеке бизнеспен серіктестік тетіктерін енгізу керек. Стратегиялық жоспарлау мен жобалаудан бастап, жобаны толықтай сүймелдеуге дейінгі қолдаудың кешенді тетіктері есебінен Бірыңғай оператор активтерді шоғырландырып, тиімділікті арттыра алады», - деді ол.

Ә. Омарқожаев бүгінде тұрғын үй құрылысында негізгі проблемалардың бірі құрылыс салушылар үшін қор жинау екенін атап өтті.

«Бәйтерек» холдингі қаржы операторы ретінде нарықтық ресурстарды тарту, ешбір «делдалсыз» құрылыс салушылар үшін қорландыруды арзандату мүмкіндігіне ие. Субсидиялау мен несиелік ресурстарға кепілдік беру тетіктері арқылы құрылыс компанияларына қолдау көрсету қадамын ескеруге болады. Сонымен қатар, тұрғын үйді сату есебінен болатын алдағы табысты ескере отырып, құрылыс кезеңінде құрылыс салушыларды қорландыру тетігі қызығушылық тудырады. Барлық тетіктерде қаржыландырудың циклділігі әрбір 2 жылда револьверлік қағидаты бойынша қаржыны айналдыруға мүмкіндік береді. Осы ретте мемлекеттік бюджеттерден қаржы бөлу қажеттігі туындамайды. Алайда қаржының үнемі айналымда болуына халық тарапынан сұранысқа ынталандыру болған кезде қол жеткізіледі», - деді спикер.

Айта кетейік, панельдік сессия барысында халық үшін қолжетімді тұрғын үйдің қазіргі заманғы экожүйесін құрудағы мемлекеттің рөлі; заманауи технологияларды қолдану арқылы қала құрылысы шешімдері және құрылыс саласын цифрландыру; «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тұрғын үй блогын шетелдік үздік тәжірибені ескере отырып, баспана құрылысы бойынша бірыңғай операторға трансформациялау тақырыптары қамтылды.

Соңғы жаңалықтар