Бәйтерек болмысты ел ағасы...

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың 12 мамырында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, саясаткер, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор,өнегелі өмір иесі Қуаныш Сұлтанұлы Сұлтанов мерейлі 75 жасқа толады.

Бүгінде жақсы адамдар әр ортада бар. Сондай лауазымды тұлғалардың арасынан өзім білетін, елге жаны ашитын, өзінің бойындағы әу баста Құдай берген тазалығын, кішіпейілдігін, кісілігін сақтап қалған, мансапқа жетіп биікке көтерілсе есірмейтін, бір қалыпты өзгермейтін Қуаныш ағаның бейнесі оқ бойы озық тұрады. Осындай ұлы қасиетке ие болу Атаның қаны мен Ананың сүтімен даритын табиғи ерекше құбылыс екенін бесенеден белгілі. «Бақытын ауылдан емес елордадан тапсын» деп Найзагер жүйріктің жалына байлаған әке аманататына адал ұлдың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жеңіс күнімен тұспа-тұс келіп, ел қуанып жатқанда қойған «Қуаныш» есімінің өзі көпке үлгі болып, Ағамыздың оқу мен еңбекте алда болуы, ел-жерді көріп, өрісі кеңейіп жоғары лауазымдарда қызмет атқаруы әкем аманатына адал ұлдың елдің мақтанышына айналғанын көрсетеді. Соғыстан кейінгі дүниеге келген ұрпақ өкілдерінің еңбекпен ширап өсіп, өмірдің ыстық-суығы мен бар-жоғын кішкентайынан сезініп өсуі оларды ерте есейтті. Бала кездегі көрген, не болмаса естіген ақыл сөздің барлығы, негізінен, болашақта адам өміріне ықпал етпей қоймайтындығын Қуаныш ағамыздың өмірінен көруге болады. 12 жаста әкесінен ерте айырылып, Шәрбану Мәжитқызымен бес баланың өмірін түгелдей өз мойнына жастай алуы, өзін-өзі ұстауы, еңбекке қатынасы, ешқашан ерінбейтіндігі, қандай қиындықтың адал еңбекпен келетінін жастайынан түсініп өзін-өзі қамшылауы жақсы азамат болуына септігін тигізді.

Әр заманның, әр қоғамның өз идеологиясы болады. Идеологиясыз ұлт, қоғам, мемлекет болмайды. Идеология дегеніміз – сенім, наным, мақсат-мұрат, бағыт, бағдар, темірқазыққа баланып, халықтың санасына сіңіретін, сендіретін, көндіретін, иландыратын әрбір қоғамның, мемлекеттің жауынгер жалынды идеологтары болады. Сондай жалынды идеологтардың алғашқы легі ел Тәуелсіздігін алған жылдар тұсында: «Енді қалай боламыз?»- деп болашағы бұлыңғыр алғашқы қайта құру тұсындағы алғашқы кездесуім болатын. 1992 жылдың 10 желтоқсаны күні Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің акт залында Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен Әскерилердің бүкілодақтық жиналысында таныстым.Идеологтардың жоқтан бар жасайтын, бардан жоқ жасайтын құдіретті, сиқырлы күшін шебер, жете терең меңгерген Қуаныш ағам нағыз идеолог, нағыз тәрбиеші, қарапайым сәнді киінген, қара шашты болашағынан көп үміт күттірген ҚР Баспасөз және ақпарат құралдары министрі ретінде менің жадымда жақсы жатталып қалды. Бұған дейін 70 жыл қызыл империяның құрсауында болып Мәскеуден орталықтан тапсырма алып үйреніп қалған әскери бастықтардың егемендік алып жатқан біз сияқты Тәуелсіз елдердің армияларын аяғынан тік тұрғызу мәселесіне салғырт қарап өздерің ұйымдастырып алыңдар деп әскерден жаппай кетіп жатқан кезде Елбасының қасынан табылып, идеологияның қақ ортасында жүрген Қуаныш Сұлтанұлы ғылымның, білімнің, сөздің, істің, тәжірибенің, тәрбиенің құдіретін идеология жұмыстарына шебер пайдалана отырып, халықты сендіре, көндіре, иландыра, ұйыта білді. Соның арқасында Тәуелсіз еліміздің алғашқы іргетасы қалана бастады.

Екінші рет кездесуіміз 1997 жылдың қыркүйек айында Қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев бастаған аспан асты еліне екі жақты әскери ынтымақтастықты дамыту бағытындағы Қытай Халық Республикасына жасаған сапарында Қуаныш Сұлтанұлы Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі ретінде қазақстандық делегацияны өзі күтіп алып, жас мемлекетіміздің мемлекетаралық кездесулерде шетелдерге мейлінше танылып, мойындалуына айрықша еңбек етіп, көп үлесін қосуға ат салысты. Әсіресе көршілес алып елмен мемлекеттік шекарамызды анықтап, ресми толық келісімге қол жеткізу арқылы еліміздің халықаралық аренадағы беделінің өсіп, нығаюына аса маңызды көп көңіл бөлді. Қазақстандық делегация өкілдерін Қуаныш ағаның Қытайдағы жағдай, саяси-экономикалық дамуының бүге-шүгесіне дейін жетік білетіндігі, екі жақты кездесулерде Астана, Қазақ мүддесіне қатысты қордаланған мәселелерді жоғары мінберден ашық айтып, өзін өрелі басшы, шебер дипломат, нағыз патриот екеніне көзімізді қайта бір мәрте жеткізгені әлі күнге көз алдымда сайрап тұр.

Мұнтаздай таза киініп, үріп ауызға салғандай болып, жұтынып, сәнімен жүріп-тұратын Қуаныш ағамыздың бойындағы сәнқойлық пен сырбаздық, бегзадалық асыл қасиеттер дипломаттардың бойынан табыла бермейтін, елшілердің эталоны десекте болғандай еді. Байыз таппай үнемі ізденіс үстінде жүрген ағамыз сол жылдары қалың оқырманына «Қазақстан-Қытай:тарих және бүгінгі күн», «Қазақстан-Қытай:құжаттар мен материалдар», «Мүдделер тоғысы: Перекресток интересов», «Алыптың оянуы», «Қазақстандағы және Қытайдағы реформалар» атты кітаптарын сыйға тартты. Бүгінде бұл кітаптар оқырман үшін өте құнды еңбекке айналды. Елге, қоғамға қызмет етумен бірге әдебиет пен өнерге жанашыр бола жүріп, артына өшпейтін өсиет-кітаптар жазып қалдыру бүгінде екінің бірінің қолынан келе бермейді.

Мәдениеттің қазанында қайнаған абзал жанның көп жылғы жинақтаған алтын кітап қорының өз үйінде тұрса санаулы адамдар көретінін ескере келе, Ұлттық академиялық кітапхананың ұсынуымен «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында арнайы бөлме ашылып, оған құнды 3500 кітабын сыйлауы қалың көпшілікке ой салды. Осынау келелі істі бүкіл зиялы қауым бірауыздан қолдады. Мағанда осынау бір ой тудырған келелі істен менде тысқары қалмай кіндік қаным туған Қызылжар өңірінің орталық кітапханасына, Николаевка ауылындағы Асқар Игбаев атындағы орта мектептің кітапханасына 1500-дей кітапты сыйға тарттым. Осы кітаптарды жастайынан оқыған ауыл баласы елдің ертеңі екені қайда жүрсемде ешқашан ойдан кетпеді. Елдің зиялы қауымын бір арнаға тоғыстырып, өздері түлеп ұшқан ауылға, сол ауылдың әлсіз қамқорлықты қажет ететін азғана топтарына, өздері оқыған мектепке, ауылдың атын республика халықаралық деңгейде шығарып жүрген дарынды оқушылар мен спортсмендеріне үнемі қадағалап қолдап, ақшалай, демеушілік көрсетуге бірауыздан шақырдым. Аға жолы мені осыған үндеді.

Қаршадайынан ауыр жұмысқа белсене кірісіп, қоғам қызметіне араласып, әлеуметтің көңілін табуға әдеттенген Қуаныш Сұлтанұлы туған жері Жаркентті әсте есінен шығармай, онда бой көтерген әлеуметтік объектілердің Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепті қайта салынуына мұрындық болса, Мәдениет үйі, көп салалы аурухананың, ауданнан шалғай ауылдарға баратын жолдардың жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлдіріп, оның тиімді игерілуін үнемі қадағалап отырды.

Қуаныш Сұлтанов көп қызмет атқарды. Олардың барлығын осы мақала аясына тізіп шығу мүмкін емес. Кім қайда барып қызмет істемейді, өмірде биік лауазымда отырып шөптің басын сындырмай, артында тындырған бір іс қалмай, із қалмай, не елге, не жеке бір адамға жасаған жақсылығы жоқ адамдар толып жатыр жан-жағымызда. Алайда Қуаныш Сұлтанұлы қай істе, қандай лауазымды қызметте қызмет атқарсын, бәрінде де өзгеге өнеге болар, кейінгі ұрпаққа үлгі болар үлкен істер атқарумен есімі елге танылып келеді. Оған Ағаммен «Нұр Отан» партиясы жанындағы партиялық бақылау кеңесінде анық көзім жетті. Қуаныш Сұлтанұлы бақылау кеңесінің төрағасы, мен ол кісінің орынбасары ретінде әр 3 ай сайын бір облыстарда қордаланған әлеуметтік мәселелерді атап айтқанда Қызылорда, Түркістан облысының мәселерін талқылағанда көрініп, өзі таза адам, өзгеден де сондай тазалықты талап еткенін көрдім, куә болдым.

Қуаныш аға қандай қызметте болмасын іске бірден қызу кірісіп, талапшыл басшы ретінде қатаң талапшылдықты адамдарға деген үлкен құрметпен үйлестіре білді. Қандай ортада да тастай батып, судай сіңісіп кететін жағымды мінезі, жақсылығы, шапағаты отбасына, төңірегіне, елге, халыққа, мемлекетке де, бәріне де жетіп жатады. Екі мыңжылдықтың қайғылы, қасіретті, қанды ХХ ғасыр мен сенімі мен секемі, үміті мен күдігі мол ХХІ ғасырдың екі заманның, екі қоғамның куәсі болып халықпен бірге болып өз басынан өткізді. Осының бәрі Қуаныш ағаны шынықтырды, ширатты, ерте есейтті, елдің, халықтың қажетіне ерте жаратты, еңбекқор, төзімді, шыдамды, өжет қанағатшыл, сөзіне адал, сеніміне, сертіне, антына берік азамат етіп қалыптастырды.

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында, басты газеттерде шыққан мақалаларында тарихи деректерді мол келтіреді, оларды жүйелеуге, орны-орнына қоюға келгенде құдды кәнігі тарихшы ғалымдардай сұңғылалық танытады. Талдауы мен сараптауы ғылыми негізде, жүйеде, жүргізіліп отырады. Толғаулы пікірлерін жазуға келгенде кең көсіледі, ұзаққа сілтейді. Мұның барлығы оқырмандарын ойға салатын, кейінгі ұрпақ үшін таптырмайтын айтары мол дүгниелер. Әдебиет пен өнерде «Стиль-адам» деген ұғым бар. Қуаныш Сұлтановтың қаламгерлік стилі туралы көп нәрсе айтуға да болады. Кәсіби жазушылардай ағамыздың өзіндік дара жолы бар, қолтаңбасы қалыптасып үлгерген стилінің бар екенін баса айтуымыз керек.

Ал Мәжілістің пленарлық жалпы отырыстарында елдің ахуалын ауызша сөйлегенде төгіп-төгіп айта келе, халық дәстүрінде бар шешендік өнердің озық үлгісі айтар ойын бейнелеп беру, мақалдар мен нақыл сөздерді көбірек қолдануы мен сияқты барша халық қалаулыларына үлгі болды. Ағамыздың білімділігі, тәрбиелілігі, адамға жақындығы, қазақша да, орысша да көсіліп сөйлей алатын шешендігі, қазақ әдебиеті мен өнері туралы сөйлегенде әдебиетшіден де, өнертанушыдан да кемде кем емес екендігін Астанада өткен өнер кештерінде көрдім. Елордамыздың мәдениет пен өнер әлемінде болып жатқан әрбір концерт, шығармашылық кеш, киноларды бірге тамашалауға шақырып мені жанына алуы, өнертанушы ретінде өткізілген мәдени шараны жан-жақты талқылауы мені одан сайын өзіне баурып, ой жадымда тұлғалық қасиетін биіктеткеннің үстіне биіктете берді. Әлі күнге үйренуден жалықпай менімен бірге Мәжілістің қабырғасында ағылшын тілін бірге үйренуінің өзі ағамыздың бойында танылмай мен мұндалап жатқан бекзат жаратылыстың иесі екендігінен хабар береді.

Салауатты өмір салтын насихаттаушы адам ретінде Астананың шытымыр аязы мен қарлы боранында таңғы сағат алтыда тұрып, таза ауада серуендеуі, кездесе қалғанда тарихтың беймәлім беттерінде архив болып қатталып жатқан мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев туралы, Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге қызмет атқарған жылдардың есте қалар жағымды әңгімелері жақсы әңгімешіл әріптес Ағаммен сыр шертіп, жарасымды сөзімен өзіне баурап алды. Ал кемелдіктің шыңы 70 жас абыздыққа шыққан салтанатты тойын «Абайжан сен өзің басқарып, өткіз» деп маған үлкен сенім артуы таныстық қатынасымызды одан әрі жақындата түсті.

Қуаныш ағаның барынша қарапайымдылығымен көрегенділігі, асыл текті адами қасиеті бірден-ақ адамды баурап алуы, парасатты тұлғасын биіктеткен үстіне биіктете түседі. Осы таңда адам өмір жолының асқар биігі – жетпіс бестің шыңына шығып отырған мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлын бірге жүрген достары мен әріптестері атынан туған күнімен шын жүректен құттықтап, Отанымыздың өркендеуі және халқымыздың игілігі жолында әлі де талай тәнті істерді бірге атқаратынына кәміл сенеміз деп аяқтағым келеді.

Абыз жасыңыз құтты болсын –Жан аға ! Осы жасқа ешбір боямасыз, шынайы, шын болмысыңызбен келдіңіз! Абыройыңыз әрдайым асқақ, мерейіңіз әрқашан үстем болсын. Шығар шыңдарыңыз әрқашанда биік болғай!

Абай Тасболатов

Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант

Соңғы жаңалықтар