Байлық салығының енгізілуі әлеуметтік осал топтың жағдайын жақсартады - Мақсат Халық

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасады. Жолдаудың басым бөлігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, яғни әлеуметтік көмек көрсету, мектеп, аурухана салу, мемлекеттің қаржысын тиімді пайдалану, бала капиталын жетілдіру секілді өзекті мәселелерге арналды. Десе де, бұл бастамалар көпшілік тарапынан қолдау тапқанымен, кейбір азаматтар арасында түрліше талқыланып жатыр. Сондықтан да халыққа түсінікті болу үшін Жолдауда айтылған Мемлекет басшысының мәлімдемелеріне қатысты экономист Мақсат Халықтың пікірін білген едік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауын экономикамыздағы қордаланған мәселелерден бастады. Соның ішінде еңбек өнімділігінің төмендігі, шикізатқа тәуелділік, инновацияның жеткіліксіздігін баса айтып өтті. Сондай-ақ ол нарықтағы баға сұраныс пен ұсыныстың нәтижесінде реттелу керек деген мәселеге баса назар аударды. Сонымен бірге ел Президенті фискалды реттеу ісін қайта жаңғырту үшін 2023 жылы жаңа Салық кодексі әзірленетінін айтып өтті. Осы салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды мәлімдеді. Бұл салық аса қымбат жылжымайтын мүлік және автокөлік сатып алған кезде ғана салынатын болады.

Экономист Мақсат Халықтың пайымынша, жаңа салық түрі еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен, яғни кедей топтың жай-күйін сәл де болса жақсартуға септігін тигізбек.

«Президент қымбатшылықпен күрес, тарифтерді монополиялық компаниялар үшін бекіту қажеттігі жөнінде нақты ұсыныстарын айтып өтті. Бұдан былай «Байлық салығы» енгізілетін болды. Менің ойымша, бұл - ең дұрыс шешімдердің бірі. Себебі мемлекет заңды түрде Рубин Гудтың қызметін атқаратын болады. Бай азаматтарға көп салық салып, ол қаражатты әлеуметтік осал топтың әл-ауқатын жақсартуға жұмылдырады» , - деді Мақсат Халық.

Бұдан бөлек, Президент Жолдауда мемлекеттік бюджетті реттеудің жаңа саясатын қабылдау қажеттігіне тоқталып өтті. Осының аясында Балалар жылына орай «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды ұсынды. Бұл бағдарлама арқылы Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылатын болады.

«Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын» , - деді Мемлекет басшысы.

Қаржы маманы Мақсат Халықтың пікірінше, бұл – өте жақсы бастама. Ұлттық қордың негізгі миссиясы келешек ұрпаққа инвестиция құю болмақ.

«Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ын әрбір балаға шот ашып, сол шотқа аударып отыру механизмі алдағы уақытта тағы да айтыла жатар. Өз есебіме тоқталатын болсам, қазіргі уақытта қорымызда 52,5 миллиард доллар бар. Шындап қарайтын болсақ, бүгінгі таңда оның инвестициялық табысы сын көтермейді. Дегенмен жылына кем дегеде 10%-дық табысқа қол жеткізуге болады. Сол жолда жұмыс істелу керек деп есептеймін. Ал енді 52,5 миллиард доллардың 10%-ы шамамен 5 миллиард доллардан асып жығылатын қаражат. Егер 5 миллиард доллардың 50%-ы балаларға үлестіріліп берілетін болса, онда 6 миллион 100 мың балаға бөлуге тура келеді. Сонда шамамен жылына әр балаға 400 доллардан аударылады. Бұл теңгеге шаққанда шамамен 200 мың теңгеге жуық қаражат. Менің ойымша, бұл жақсы инвестициялық бастама» , - деді Мақсат Халық.

Экономистің пікірінше, болашақта ұлттық қордың инвестициялық кірісі артып, сол жолда білікті мамандар жұмыс істейтін болса, онда ұрпақ болашағына қажет болатын алғашқы қаражатқа қадам бастық деген сөз. Бұл - негізінен ұлттық қордың халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ең дұрыс қадамдардың бірі. «Алдағы уақытта ұлттық қордың инвестициялық табысы ұлғайса, онда 18 жылда балалар болашақта әлемдік ЖОО-да оқимын десе де, денсаулығын жақсартамын десе де, тіпті баспана алуына белгілі бір қаражатты жинақтап үлгеретін болады» , - деді экономист.



Соңғы жаңалықтар