Байқоңырдың мыңдаған тұрғыны тегін медициналық қызмет ала алмай жүр - сенатор

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенатор Ақмарал Әлназарова Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депуттатық сауалында Байқоңыр қаласындағы мыңдаған қазақстандықтың сапалы медициналық қызмет ала алмай жүргені туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттың айтуынша, еліміздің азаматтары Ресей заңнамасының ережелері бойынша, оның ішінде 1996 жылғы үкіметаралық келісімге сәйкес зейнетақы алады. Ал, қазір бұл адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін медициналық көмек ала алмай жүр. Себебі, олар туралы деректер еліміздің Еңбек министрлігі ақпараттық базасында жоқ.

«Қазақстан Республикасының осы санаттағы азаматтары медициналық көмекті тек қазақстандық медициналық ұйымда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және Ресей Федерациясы ұйымында шұғыл көмек ала алады. 2022 жылы 2 мыңнан астам науқас консультациялық-диагностикалық көмек, 600-ге жуық науқас жоспарлы стационарлық көмек, оның ішінде коронарографиялық және офтальмохирургия көмегін алмаған», - деді Ақмарал Әлназарова.

2016 жылдан бастап қалада Байқоңыр қаласының, сондай-ақ Төретам және Ақай ауылдарының тұрғындары тіркелген қазақстандық аурухана жұмыс істейді. Алайда, бұл аурухана қажетті көлемде тегін медициналық қызметтерді Қазақстанның сақтандырылған азаматтарына ғана көрсетеді.

«Бұл тұрғыда зейнеткерлер тегін медициналық көмек алу құқығынан айрылды. Қарт адамдарға қатысты мемлекеттік саясаттың негізгі ережелерін және аталған проблеманың ерекше әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, осы азаматтарды еліміздің ақпарат жүйесіне енгізу, тиісті қаржыландыру мәселесін шешуді және мемлекеттік жарна төлейтін адамдардың жеңілдетілген санатында болуын қамтамасыз етуін қарастыруды сұраймыз», - деді Ақмарал Әлназарова.


Соңғы жаңалықтар