Байқоңырдан «Протон-М» зымыранын ұшыру 21 шілдеге белгіленді

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – Мемлекеттік комиссия Халықаралық ғарыш стансасына «Наука» жаңа зертханалық модулін ұшыру мерзімін белгіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқоңыр ғарыш айлағының № 200 ұшыру алаңынан бортында «Наука» модулі бар «Протон-М» зымыран-тасығышының старты 2021 жылғы 21 шілдеде, жергілікті уақыт бойынша сағат 17:58-ге (Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 20:58:21) белгіленген. Ұшырудың сондай-ақ резерв уақыты да аталды – бұл 22 және 23 шілде.

Бастапқыда ұшыру 15 шілдеге белгіленген, алайда ұшар басындағы жұмыстардан кейін «Наука» модулі монтаждау-сынау корпусына қайтарылып, ұшыру бір аптаға кейін қалдырылды.

Ресейлік БАҚ ақпаратынша, мамандар құрастыру кезінде жұлдыз сенсорларын экран-вакуумды жылу оқшаулағышпен жабуды ұмытып кеткен.

Бұған дейін анықталған ескертулер жойылды. Қазіргі кезде ғарыштық бас бөлік отын құю-бейтараптандыру стансасында орналасқан – бұл ұшырудың соңғы кезеңінің ең маңызды бөлігі. делінген Роскосмос таратқан баспасөз релизінде.

«Наука» модулінің ХҒС-қа ұшуы 8 тәулікке созылады, «Звезда» қызметтік модуліне қосылуы 29 шілдеге белгіленген.

«Наука» зертханалық модулін пайдалану бергеннен соң ХҒС-тың ресейлік сегменті қосымша жұмыс орны мен жүк сақтау, су мен оттегіні регенерациялайтын аппаратура орналасатын орынды иеленеді. Яғни ғарышкерлердің жағдайы жақсарып, жайлы болады, сондай-ақ ХҒС барлық экипажының қауіпсіздігі күшейеді.


Авторы Сара Кәбиқызы


Соңғы жаңалықтар