Байқоңырдан 29 отбасы еліміздің солтүстігіне қоныс аударады

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Байқоңыр қаласынан 29 отбасы еліміздің солтүстік аймағына көшуге ниет білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Қалмақова айтып өтті. 

«Бізде Байқоңыр қаласындағы Ресей Федерациясына қарасты кәсіпорындардан жұмыстан босаған қазақстандық азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі - ұдайы бақылауда. Таяу күндері осы мақсатта Байқоңыр қаласындағы Қазақстан және Ресей тараптары бойынша еңбекпен қамту орталықтары арасында келісімге қол қою жоспарланған. Аталмыш келісімнің арқасында қос тарап бойынша жұмыстан босаған азаматтарды еңбекпен қамту мәселесінде нақты іс-шаралар қолға алынады. Мәселен, біз маусым айында еліміздің солтүстік аймағы өкілдерінің қатысуымен бос орындар жәрмеңкесін өткіздік. Нәтижесінде Байқоңыр қаласында тұратын 29 отбасы еліміздің солтүстік аймақтарына көшуге ниет білдірді», - деді Г.Қалмақова. 

Сондай-ақ, қазіргі уақытта осындай азаматтарды еңбекпен қамту мақсатында «Тиімді еңбек жағдайларын дамыту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы негізінде жұмыспен қамтуға мән беріліп отыр. Бұрын бұл мәселемен Байқоңырдағы Ресей Федерациясы құзырындағы халықты жұмыспен қамту орталығы айналысып келді.

Үстіміздегі жылдан бастап Байқоңыр қаласында Қазақстан Республикасы тарапынан еңбекпен қамту орталығы ашылды. Жоғарыда айтылған келісім шеңберінде ендігі кезекте қос тарап бойынша тиімді қарым-қатынас орнап, өзге де мәселелерді шешуге назар аударылады. 

Соңғы жаңалықтар