Байқоңырдағы «Протон» апаты «Роскосмостың» ішкі мәселесі - Т. Мұсабаев

None
None
АСТАНА. 2 шілде. ҚазАқпарат - «Роскосмос» өкілдері Байқоңырда орын алған «Протон» зымыранының апатын өздерінің ішкі мәселесі деп отыр.

Бүгін Үкіметте аталған мәселеге орай Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен кеңесте Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев осылай мәлім етті.

Агенттік басшысының айтуына қарағанда, Қазақстан мен Ресей Үкіметтерінің арасындағы «Байқоңыр» айлағында зымыран ұшыру барысында апат туындаған жағдайда өзара іс-қимыл тәртібі туралы Келісімнің 1 бабына сәйкес, апат деп зымыран немесе оның бөлшектерінің ресей тарапы қазақстандық тараптан жалға алатын территорияның сыртындағы Қазақстан Республикасының аумақтарына құлауы танылады. «Бұл келісім 2006 жылдың 22 мамырында №141 заңмен ратификацияланған. Осыған орай құқыққа салсақ, бұл апат ретінде танылмайды. Бұл «Роскосмостың» ішкі мәселесі және бұны олар ауызша жұмыс тәртібімен мәлімдеді. Біз олармен байланыстамыз, өзімізге қажетті ақпараттарды шапшаң берілуін талап етіп отырамыз», деді Т.Мұсабаев.

Еске салсақ, бүгін ДМ-03 үдеткіш блогы және «Глонасс-М» үш ресейлік навигациялық ғарыш аппараты бар «Протон-М» зымыран-тасығышы бүгін жергілікті уақыт бойынша сағат 08.38-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының №81 алаңынан ұшырылымы жоспарланған болатын. «Протон-М» зымыран-тасығышы ұшырылымның 10 секундында жерге құлап, жарылды. Апат ұшыру алаңынан 2-3 шақырым жерде орын алды.

Соңғы жаңалықтар