Байқоңырдағы ғарыш туризмінің дамуын тежеп отырған кедергілер аталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өз басқаруындағы ведомствоның алқа мәжілісінде Байқоңырдағы ғарыш туризмінің дамуын тежеп отырған кедергілерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байқоңырдағы ғарыш туризмін дамыту - жаңа бағытқа айналғалы отыр. Керек десеңіз, бүкіл әлемде жабық ғарыш старттық алаңдарын бір көру - аса зор қызығушылыққа ие. Мәселен, АҚШ-тағы басты ғарыш айлағы мен Флорида штатының Канавералындағы басты режімдік нысандарға жылына 100 мыңнан 1 миллионға дейін турист келеді», - дейді министр.

Әлем жұртшылығын ғарыш туризмі қызықтырып отырғанымен, Арыстанбек Мұхамедиұлы Баңқоңыр мұндай көрсеткішпен мақтана алмайтынын жеткізді.

«Байқоңырда старт жиі орындалады. Ал айналып келгенде онда барушылардың саны 2 мыңнан аспайды. Бұған ең алдымен қазақстандық және ресейлік әскери қызметтердің арасында келісімнің болмауы және құқықтық кедергілер себеп болып отыр. Аталған мәселені мен Петропавлда Қазақстан мен Ресей президенттері кездескен кезде көтерген болатынмын», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Еске сала кетсек, аталған жиында министр туризм мәселесін ортаға сала келе, Түркістан аумағындағы жалпы ауданы 27 гектар болатын алғашқы қалалық қоныстардың бірі Күлтөбе қалашығы қайта қалпына келтірілетінін мәлімдеген болатын.

Соңғы жаңалықтар