Байқоңырда Қазақстан және Ресей мамандары «құлаған» ракетаның қалдықтарын іздеді

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – «Байқоңырдан» ғарыш аппаратын ұшыру кезінде орын алуы мүмкін апатты жағдайда шұғыл іс-қимылдарды пысықтау бойынша қазақстандық-ресейлік жаттығулар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Байқоңыр» кешеніндегі ҚР Президентінің арнайы өкілдігінің аппаратынан мәлім еткендей, Қызылорда облысының Қармақшы ауданында өткен командалық-штабтық оқу-жаттығуына «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының, Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы арнайы басқармасының, Ресейдің Федералдық медициналық-биологиялық агенттігінің, қазақстандық «Ғарыш Экология» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының, Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Жаттығуға қатысушылар зымыран-тасығыш фрагменттері құлаған аумақты іздеп тауып, оған күзет қойды, экологтар ауа мен топырақтан сынамалар алды, зақымданған аумақтың көлемін анықтап, топырақты уытсыздандырумен және қалпына келтірумен айналысты. Сондай-ақ халықты эвакуациялау, ауылшаруашылық және үй жануарларын диспансеризациялау бойынша іс-қимылдар пысықталды.

Роскосмос тарапынан жаттығуға қатысқан «Южный» ғарыш орталығының жерүсті іздеу тобы – бұл «Байқоңыр» айлағынан ғарыштық мақсаттағы зымыранды ұшыру алдында филиал бөлімшелерінің қызметкерлерінен жасақталатын штаттан тыс апаттық-құтқару құрылымының бір бөлігі. Топтың міндеті –апат болған жағдайда ұшу трассасы бойымен ғарыш айлағынан 150 шақырымға дейінгі қашықтықта зымыран-тасығыштың құлаған фрагменттерін іздеу.

«Байқоңырдан» жасалған ұшырылымдар сәтсіз өткен жағдайда шұғыл топ құрылады. Топтың жұмысы - зымыран-тасығыш фрагменттері құлаған жерде бірінші кезектегі іс-шараларды ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының билік органдарымен өзара әрекет ету.

Ал «Ғарыш Экология» Ғылыми-зерттеу орталығы» РМК-ның негізгі функциясы зымыран-ғарыштық қызметтің қоршаған ортаға және ҚР халқына зиянды әсерін азайту үшін бағалау, болжау және ұсынымдар әзірлеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу болып табылады.

Авторы Сара Қабиқызы

Соңғы жаңалықтар