Байқоңырда карантин 1 наурызға дейін ұзартылды

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат – Байқоңыр қаласында коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуын шектеу шаралары режимі 2021 жылдың 1 наурызында сағат 00: 00-ге дейін ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карантинді тағы екі аптаға ұзарту туралы шешім Байқоңыр кешенінің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ұсыныстарына сәйкес, қала әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгиннің қаулысымен мақұлданды.

Ресейдің ФМБА Байқоңыр кешені облыстық әкімшілігінің статистикалық мәліметтеріне сәйкес, соңғы екі аптадағы эпидемиологиялық жағдай алдыңғы кезеңмен салыстырғанда нашарлап кеткен.

Бүгінгі күні ғарыш кешені аумағында COVID-19 жұқтырғандар саны 1223 адамға жетті. Бұл көрсеткіш алдыңғы екі аптада ауру саны 37 адамға көбейгендігін білдіреді.

Жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатқан азаматтардың да саны өсіп, 13 адамға жеткен. Бір өлім жағдай тіркелген.

Байқоңыр қаласының аумағында барлық шектеу күшінде қалады.

«Коронавирус инфекциясы әлі де жіті зерттелмеген әрі еңсерілмеген ауру болып тұр. Сол үшін маска режимі, әлеуметтік арақашықтық, санитарлық ережелер қатаң сақталуы керек. Коронавирус инфекциясын жұқтырмаудың бірден бір амалы – вакцинация», - деп атап өтті қалалық жедел штаб.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Байқоңырда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау жүріп жатыр. Жедел штаб қала тұрғындарын коронавирус қарсы екпе алуға шақырады. Байқоңыр тұрғындарын жаппай вакцинациялау қала тұрғындарына ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға және қалған шектеулерді жоюға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар