Байқоңырда арандату мақсатында жалған ақпарат таратқан тұрғын 30 тәулікке қамалды
2022 жылғы 12 қаңтар 16:16

Байқоңырда арандату мақсатында жалған ақпарат таратқан тұрғын 30 тәулікке қамалды

БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желідегі парақшасында арандатушылық сипаттағы жалған ақпарат таратқан Байқоңыр қаласының 49 жастағы тұрғыны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 қаңтарда Байқоңыр қаласының 49 жастағы тұрғыны әлеуметтік желідегі парақшасында арандатушылық сипаттағы жалған ақпарат таратқан.

Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 478-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттама рәсімделді.

Онда төтенше жағдай кезiнде құқықтық тәртiпті бұзуға итермелейтiн әрекеттер жағдайы көрсетілген.

«Бұл бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін Байқоңыр қалалық сотына жолданды. Сот шешімімен оған 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазасы тағайындалды», деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Полиция мәліметінше, облыс көлемінде азық-түлік дүкендері, дәріханалардың жұмыс уақыты күнделікті сағат 21:00-ден 08:00-ге дейін тоқтатылды.

Алкоголь өнімдерінің сатылуына тыйым салынды.

Кафе-барлар, мейрамханалар, қоғамдық моншалар, сауналар, спорттық ұйымдар, ойын-сауық орталықтарының жұмысына тыйым салынып, облыс аумағында орналасқан барлық қару-жарақ және арнайы құралдарды сататын дүкендер жабылды.

Еске салсақ, Қызылордада полицияның көмегімен банкоматтарға ақша салынып жатыр.


Jańalyqtar

MURAǴAT