Байқоңыр ғарыш айлағында апаттан кейінгі алғашқы ұшырылым жасалды

None
None
БАЙҚОҢЫР. ҚазАқпарат - 17 қараша күні Астана уақытымен сағат 00.14-те Байқоңыр ғарыш айлағынан ғарыштық мақсаттағы «Союз-ФГ» ракетасы сәтті ұшырылды. Ракета жермаңы орбитасына «Прогресс МС-10» көліктік жүк кемесін алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл, 2018 жылдың 11 қарашасы күні болған апаттан кейінгі алғашқы ұшырылым. Ол Ресей ғарыш агенттігінің сайтында тікелей эфирден көрсетілді.

Ғарыш айлағының қызметтері мәлім еткендей, старт штаттық режімде өтті. Ғарыш кемесі зымыран-тасығыштың үшінші сатысынан ажырағаннан кейін «Прогресс МС-10» Халықаралық ғарыш стансасына жету бағдарламасын орындауға кірісті.

«Прогресс МС-10» көліктік жүк кемесі Халықаралық ғарыш стансасымен екі тәуліктен кейін, яғни 18 қараша күні түйісетіні күтілуде.

«Прогресс МС-10» кемесі ХҒС-қа 2,5 тоннаға жуық түрлі жүктерді жеткізуі тиіс: 1,3 тоннадан астам құрғақ жүк, ыдыстардағы 725 келі отын, «Родник» жүйесінің бактарындағы 420 келі су, сондай-ақ баллондардағы 50 келі сығылған ауа мен оттегі. Сондай-ақ ғылыми жабдықтар, экипаж мүшелеріне арналған азық-түлік салынған контейнерлер, киім-кешек, медициналық препараттар мен гигиеналық заттар бар. 

Еске сала кетсек, 2018 жылғы 11 қазан күні 14 сағат 40 минут 15 секундта Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз МС-10» көліктік басқарылатын кемені орбитаға алып шығуы тиіс «Союз ФГ» зымыран тасығышы ұшырылған болатын. Алайда старт берілген соң бірнеше минуттан кейін Роскосмос сайтындағы тікелей көрсетілім үзіліп, диктор «зымыран тасығыштың апатқа ұшырағанын» хабарлады. 

Соңғы жаңалықтар