Байқауларға қатысатын оқушылардың жол шығынын өтеуге гранттар бөлінеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысатын балаларға жол шығынын өтеуге гранттар беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жас таланттар» жобасының мақсаты - республикалық және халықаралық деңгейдегі шығармашылық байқауларға, олимпиадаларға, ғылыми конференциялар мен спорттық жарыстарға, сондай-ақ мәдени және өзге де іс-шараларға қатысу үшін балаларға жол жүру грантын (авиа, авто, теміржол билеттеріне) бөлу.

Өтінімдерді 18 жасқа дейінгі баланың ата-анасы немесе асыраушысы, сонымен қатар балалар ұйымдары мен әлеуметтік мекемелердің басшылары бере алады.

«Байқау ережесіне сәйкес грант баланың тек жолақысын жабады. Яғни оның бару және келу жолпұлын ғана өтейді. Сондай-ақ, өтінімдерді қарау кезінде комиссия қатысушының әлеуметтік мәртебесін ескереді. Басты назарда көпбалалы, толық емес отбасылардың балалары мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері болады», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Мирас Іргебаев.

11 ақпан күні өтінімдерді қабылдау басталды. Байқау ережесімен және өтінім беруге қажетті құжаттар тізімімен қордың сайтындағы «Құжаттар» айдарында танысуға болады. Шешімді «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен оның қамқорлық кеңесінің өкілдері, сондай-ақ елімізге танымал қоғам қайраткерлерінен құрылған комиссия қабылдайды.

Айта кетсек, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік қоры аталған жобаны іске асырғалы 69 бала жол жүру грантына ие болды. Ал өткен жылы бұл мүмкіндік 27 балаға берілді. Атап айтқанда, балалар Ресей, Әзербайжан, Түркия, Франция, Беларусь, Қытай, Венгрия, Польша, АҚШ, БАӘ-де өткен шығармашылық байқаулар мен спорттық жарыстарға тегін барып келді.

Соңғы жаңалықтар