Бәйдібекте тасқын су ортасынан құтқарылған жүкті келіншектің жағдайы бірқалыпты

None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында тасқын су ортасынан құтқарылған жүкті келіншектің жағдайы қалыпты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, бұдан алдын Түркістан облысында тасқын су ортасында қалған жүкті әйел мен баланы ауыл әкімі беліне арқан байлап алып шыққанын жазған болатынбыз.

Кейін құтқарылған Қайнарбұлақ елді мекенінің тұрғыны Гүлназ Нұрбекова Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.

Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы терапия бөлімінің меңгерушісі Нұржан Жұмағұловтың айтуынша, науқастың жағдайы бірқалыпты, болған жағдайдан шошып қалған.

Жүктіліктің алғашқы кезеңі болғандықтан тұрақты бақылауда болады.

Еске сала кетейік, өңірдегі Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басқан еді.

Тасқын су Сауран ауданындағы елді мекендерге қауіп төндірді. Су тасқынына байланысты Сауранда мектеп оқушылары онлайн оқуға көшті және 7 балабақша жұмысын тоқтатты.

Өңірде көлігімен тасқын су ортасында қалып қойған тұрғындар құтқарылды.

Тұрғындар үшін «жедел желі» іске қосылды.

Кеше Түркістан облысының су басқан аудандарын әуеден барлап шыққан Төтенше жағдайлар министрлігі ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді.

Ашық көздерден алынған фото
Соңғы жаңалықтар