Бәйдібекте егістік көлемі 93 мың гектардан асты

None
None
БӘЙДІБЕК. ҚазАқпарат - Түркістан облысының әкімі жұмыс сапарымен Бәйдібек ауданына барды. Өмірзақ Шөкеев аудандағы бірқатар нысандарды аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты,деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңір басшысы сапарын Мыңбұлақ ауылдық округі Нұра елді мекеніндегі «Салюрбей Груп» ЖШС-нен бастады. Серіктестік мақта егуді қолға алған. Жобаға сай ақ алтыннан гектарына 40 центнер өнім алмақ ниетте. Бүгінде 250 гектарға егілген мақтаның күтімі жақсы. Арнайы қазылған ұңғыма арқылы суарылуда. Онда 10 адам еңбек етеді.


Бұдан соң облыс әкімі Ақбастау ауылдық округі «Қозыке» өндірістік кооперативіне ат басын бұрды. 1992 жылы құрылған кооператив асыл тұқымды бұқалардың санын көбейтуде. Ал баптап отырған сиырларының саны 250-ге жеткен. Сондай-ақ, кооперативтің егістік алқабына мақта, жоңышқа, күздік бидай егілген. Мұнда 18 адам тұрақты жұмыс істейді. Өндірістік кооператив қажетті техникаларын да түгендеп алған.


Өмірзақ Шөкеев Боралдай ауылдық округі Талап елді мекеніндегі «Tau Alma Bak» ЖШС-не де аялдады. Интенсивті алма бауы 45 га жерді алып жатыр. Алқапта шабдалы мен алхоры жеміс талдары егілген.

Жалпы, атқарылған жұмыстарға қаныққан облыс басшысы аудан басшылығына суармалы жерлердің көлемін ұлғайтып, ет экспортын арттыра түсуді тапсырды. Сондай-ақ, шаруаларға қажетті мемлекеттік қолдау мен жер телімдері кедергісіз қолжетімді болуын қадағалауды жүктеді.


Айта кетейік, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі Бәйдібек ауданы бойынша 93 мың гектардан асса, облыс көлемінде 823 мың гектар аумаққа егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8 мың га артық. Бүгінгі таңда 127,4 мың га масақты дақылдар жиналып, 19,8 центнерден 252,5 мың тонна астық жиналған. Егін жинау науқаны жалғасуда.




Соңғы жаңалықтар