Бәйдібек тұрғыны атасы соғыста қолданған «Мосина» қаруын полицияға тапсырды

Фото: None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бәйдібек ауданының тұрғыны Е.Қыдырәлиев атасының 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан алып келген «Мосина» маркалы ойық ұңғылы қаруын өз еркімен полицияға тапсырды. Қазіргі уақытта қару сараптамаға жіберілді. Нәтижесінде оған ақшалай қаражат төлеу туралы шешім қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облысында заңсыз айналымдағы қару-жарақты сатып алу акциясы өтіп жатыр.

Мәселен, сәуір айының 25-інен бастап, 9 тәулік ішінде 57 тұрғын өз еріктерімен 78 қаруды Ішкі істер органдарына тапсырған.

Оның ішінде ойық ұңғылы 11 қару, тегіс ұңғылы 65 қару және 2 шолақ мылтық алынған.

Сонымен қатар, заңсыз сақталған қару мен оқ-дәріні анықтау мақсатында облыс көлемінде 1000-нан аса шаруа қожалығында тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, тұрғындарға өз еркімен тіркелмеген қаруды өткізіп, сыйақы алуға болатыны жіті түсіндірілуде.

«Ескерте кететін жайт, қолындағы қару-жарақтарын өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Сондықтан заңсыз сақталған, тіркелмеген қаруларыңыз болса, тиісті органға тапсырыңыздар», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Соңғы жаңалықтар