Бәйдібек ауданында жаңадан төселген жолдардың сапасына мониторинг жүргізілді

None
None
БӘЙДІБЕК. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жаңадан төселген жолдарға мониторинг жүргізілді. Аталған шара ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті «Сапалы жол» жобалық кеңсесі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жолдың сапасын зерделеу жұмыстарына облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен департаменттің аға офицері Ақтөре Талғатұлы, Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Айкен Темір мен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары М.Сансызбайұлы қатысты.

Оған арнайы мониторинг тобының мүшелері мен Бәйдібек ауданының әкімдігі, аудандық Nur Otan партиясы филиалының сарапшылары мен, облыстық «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» мамандары мен жауапты мердігер компанияның басшылары, сондай-ақ ауыл тұрғындары шақырылды.

Шара аясында Бәйдібек ауданындағы мемлекеттік бюждет қаржысы есебінен салынған облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың сапасына кешенді тексеру жүргізілді. Қоғамдық бақылау жұмыстарының барысында Бәйдібек ауданына қарасты Шалдар және Бәйдібек ата ауылындағы жол құрылысының талаптары толық тексеріліп, көшпелі жол зертхана көлігі жаңадан төселген асфальт бетон жамылғысынан сынама алды. Бір күндік зерделеудің нәтижесінде, «Екпінді – Шаян» облыстық деңгейдегі және Шалдар ауылы аудандық маңызы бар жолдың төселімі сметалық құжатқа сай келетіні анықталған. Ал, Бәйдібек ата ауылындағы жолдың сапасы талапқа сай келмейтіні анықталды. Жаңадан салынған жолдардан бірқатар ақау байқаған сала мамандары анықталған кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге акт жасап, компания басшыларына қайта жөндеуден өткізу жөнінде ұсыныс білдірді.

Айта кетсек, алдағы уақытта Түркістан облысына қарасты барлық аудан-қалалардың жолдары тұрақты бақылауға алынып, мониторинг жұмыстары аудан тұрғындарының арыз-шағымы негізінде жүйелі түрде жүргізіліп тұратын болады.

Соңғы жаңалықтар