Бәйдібек ауданында мұғалімнің үйінен 9 кг марихуана табылды

None
None
БӘЙДІБЕК. ҚазАқпарат - Түркістан облысы Бәйдібек ауданында мұғалімнің үйінен 9 келі марихуана табылды. Тарих пәнінің мұғалімі аса ірі көлемдегі есірткіні 9 пакетке салып, үйінің алдында орналасқан сарайдың ішіне жасырып қойған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған қылмыс «Көкнәр-2019» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ашылған. Бәйдібек АПБ-не аудандық мектептердің бірінде тарих пәнінен сабақ беретін жергілікті тұрғынның өз үйінде есірткі затын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтайтыны туралы хабарлама келіп түскен. Хабарлама барысында тез арада Түркістан облысы ПД ЕБҚІҚБ, КПБ, Бәйдібек АПБ тәжірибелі полицейлерінен тергеу тобы құрылып, жүйелі түрде арнайы жедел іздестіру іс-шараларын жүргізеді.

Нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде Бәйдібек ауданындағы мектептердің бірінде жұмыс істейтін ұстазды ұстаған. Күдікке ілінген азаматтың үйінен табылған есірткі затына ұқсас заттың кептірілген марихуана екені анықталды.

«Кептірілген марихуананың жалпы қаптаусыз салмағы - 9 келіден астам. Аталған жайт ҚР ҚК 296-бабы 4-бөлігі бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда Түркістан облысы полицейлері күдіктінің аса ірі мөлшердегі есірткі затын өзінде қандай мақсатпен сақтағанын анықтауда» делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар