Байбек қысқа дейін созылатын жол құрылысы жобасын сынға алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың барлық мердігерлік ұйымдарының қатысуымен мегаполистің көшелері мен жолдарын жөндеуге қатысты кеңейтілген кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда 2018 жылы 157 көшені жөндеу, сонымен қатар Мақатаев, Байтұрсынов және Жароков көшелеріндегі ұзындығы 15,7 шақырым болатын трамвай жолдарын демонтаждау жоспарланған.

Жиын барысында қаланың Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов баяндама жасады.

Оның айтуынша, 24 көшенің бордюрлері толық жаңартылады, көшелердің 43 пайызы қайта жасалады. Барлық жөндеу жұмыстарын 2018 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған.

Әкім құрылыс жұмыстарының бұлайша ұзаққа созылатынын сынға алып, басқармаға кесте мен жобалау әдістерін қайта қарауды тапсырды.

«Біз Алматыны «Қала - адамдар үшін жайлы» қағидасы бойынша дамытудамыз, сондықтан жұмыстарды жүргізген кезде кедергілерді барынша азайтып, уақытты қысқартқан жөн. Өткен жылы жолдарды жөндеу, жылу трассаларын жаңарту, орталықты жаңғырту жөнінде ауқымды жұмыстар жүзеге асты. Дегенмен процесс барысында бірқатар кемшіліктер анықталды, әсіресе тайм-менеджмент бойынша. Биылғы жылға жасалған жоспарда кейбір мердігерлердің жөндейтін жолдары небәрі 5 шақырым. Оны қарашаға дейін созудың қажеті қанша? Қыстың алдында тегіс асфальтты жол кімге керек?», - деді Бауыржан Байбек.

Ол бірнеше күн бойына ескі асфальтты алатын, бордюрлерді шығаратын және асфальт төсеуді ұзаққа созатын ескі әдістерден арылуды қадап айтты.

«Жұмысқа кіріспес бұрын жөнделетін әр көше бойынша ақауы көрсетілген актілі фотоальбомды ұсыныңыздар. Жұмысқа барынша кешенді түрде қарап, әрбір аспектіні ойланып барып жасау керек. Мердігер кейбір жерлерде арық науаларын ауыстыру, қоршауларды, қараусыз қалған бағаналарды, бетон конструкцияларын, керексіз желілерді, бір сөзбен айтқанда, барлық визуалды қоқысты алып тастау қажет екенін білуі тиіс. Сонда ғана іс бірнеше рет қайталап атқарылмайтын болады. Оның үстіне, бұрыннан бар жасыл желекті барынша сақтаған жөн», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, қалада бұрынғысынша дұрыс орналаспаған тұрақ қалталары жеткілікті.

Тіпті, кейбір учаскелерде көлік иелері автомобильдерін бұрыштап қойып, қозғалыс қабілетін төмендетіп, апатты жағдай туғызады. Мегаполис басшысы жол жөндегенде осы факторды ескеруді, тұрақ қалталарының бергі беттерін ғана абаттандыруды тапсырды.

Алматы әкімі жол жөндеу барысында көшелердің жабылатын бөліктері туралы тұрғындарға дер кезінде хабарлау керектігін де айтты.

«Қандай жұмыстардың жүретіні және қашан аяқталатыны туралы хабар беру қажет. Компания басшыларының байланыс нөмірлеріне дейін жазылған толық ақпараты бар стенд орнатылуы тиіс. Ақпараттық ресурстарда жұмыс кестесінің болғаны жөн», - деді әкім.

Бауыржан Байбек кеңестің жұмысын қорытындылай келіп, қаланың Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бір апта ішінде жоспар жасауды тапсырды. Онда әрбір мердігер ұйымдардың қандай жұмыстарды қашан және қалай жүргізетіні, нақтылы мерзімі көрсетілуі тиіс.

Оңтайландырылған жұмыс кестесі келесі кеңесте ұсынылуы қажет. Осындай тапсырма қаланың энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасына да берілді.

Соңғы жаңалықтар