Баянауылда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығы тойлануда

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Баянауылда Сұлтанмахмұд Торайғыровтың 125 жылдығына орай құрылған этноауылда 27 киіз үй тігілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап. 

Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында өткен тойға 3 мыңға жуық адам жиналды. Павлодар облысының 13 ауданы мен қалалары әрқайсысы бір киіз үйден тікті. Той қонақтары үшін алтыбақан орнатылып, мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылды. Қазақтың ұлттық ойындары - қазақша күрес пен тоғызқұмалақтан сайыс өткізілді.

Демалыс күндерін Баянауыл тауларында өткізуге бел байлағандардың қатарында Павлодардан өзге де облыстың тұрғындары болды.

«Той туралы достарымыздан естідік, - дейді қарағандылық Қайырбек Жоламанов. - Біз ойланбастан осы жаққа бет алдық. Барлығы ұнап жатыр. Сұлтанмахмұд Торайғыров - ақын ғана емес, қазақтың маңдайына біткен бағы. Тарихи тұлғаны туған жерінде ұлықтап, мұраларын қастерлеп сақтап отырғандары қуантады».

Той қонақтары бауырсақ пен қымыздан дәм татты. Қазақтың ұмыт бола бастаған 50 тағамын қалыпқа келтірген этнограф Әйгерім Мусағажинованың айтуынша, қазақтың ас мәзірі ет пен бауырсақтан ғана тұрмайды.

«Ұлттық тағамның түрі көп. Біздің қалыпқа келтірген әр рецептіміздің өз мағынасы бар. Мысалы, ер адамдар ғана дайындап, өздері қоректенетін тағам түрі бар. Өзге тағамдар отбасындағы байланысты көрсетеді. Мысалы, анасы мен қызының, енесі мен келінінің қарым-қатынасын білдіретін ас-ауқат баршылық»,-дейді «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері.

Ақынның мерей тойына орай Сұлтанмахмұд Торайғыровқа жыр жолдарын арнаған жазба ақындар арасында мүшәйра өткен болатын. Аталмыш байқаудың жеңімпаздары онлайн дауыс беру нәтижесінде анықталып, этноауылдың басты сахнасында есімдері аталды.  Бас жүлдеге Шығыс Қазақстан ақыны Рауан Қабидолдин қол жеткізді. Бірінші орын шымкенттік Батырхан Сарсенханға бұйырды. Екінші орынды астаналық Қарлығаш Қабай мен Ұмтыл Зарыққанұлы бөлісті. Үшінші орынға алматылық Айдана Майсарбекқызы, көкшетаулық Қайрат Сейтқазин және павлодарлық Жарқынбек Амантай табан тіреді. 

Соңғы жаңалықтар