Баянауылда бесінші күн қатарынан өртпен арпалысуда

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Баянауылда өрт шарпыған аумақта кеше, 17 шілде күні қатты дауылдың кесірінен жағдай күрделене түсіп, жалын қайтадан күшіне енген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы агенттікке Баянауыл ауданы әкімі аппаратының ТЖ бойынша бас инспекторы Саят Қабдиев мәлім етті.

«Өрт № № 73, 87, 63 учаскелерде шамамен 50 гектардан астам жерді қамтыған. 82 адам мен 30 шақты техника жұмыс істеп жатыр. Оның 11-і өрт сөндіру техникасы. Жағдай бақылауға алынған. Айтарлықтай үлкен ошақтар жоқ. Тұтанған жерлерді сумен сөндіріп жатырмыз. Таңертең қатты жел болды. Қазір тынышталды. Ешкім зардап шекпеді. Елді мекендерге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Кеше екі тікұшақпен түске дейін жұмыс істесе, бүгін сыйымдылығы 2,5 текше еврокоптермен жердегі техникалар мен ашық жерлерге су құюда», - дейді Саят Қабдиев.


Павлодар облысы ТЖ департаментінің ақпаратына сүйенсек, 16-17 шілдеде жағдайды мониторингілеу мақсатында МИ-2 тікұшағы өрт орнын әуеден барлаған. Өскемен қаласынан МИ-8 «Қазавиаорманқорғау» тікұшағы және Көкшетау қаласынан ТЖК «Қазавиақұтқару» АҚ Ми-26 тікұшағы су төгу құрылғылары жұмылдырылды. Оқиға орнында барлығы 100-ден астам адам мен 30 шақты техника және 3 тікұшақ жұмыс істеді.

Еске сала кетейік, аудан орталығынан он шақырым жерде тоғыз гектардан астам аумақ отқа оранған. Бұл таулы-орманды жерлер. Павлодар облысының әкімі қатты желге байланысты таулы аймақтан өрт шығуы ерекше жағдай екенін атап өтіп, өртті толық сөндіргенше және ауа температурасы түскенге дейін тәулік бойы кезекшілік жүргізуді тапсырған болатын.



Соңғы жаңалықтар