«Баянауыл» паркінің қызметкері туристердің тазалық сақтамайтындығын сынға алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Баянауыл» табиғи ұлттық паркінің қызметкері Жасыбай көліне демалуға келетін туристердің көбі тазалыққа селқос қарайтынын айтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

«Баянауыл» табиғи ұлттық паркі «Жасыбай» орманшылығының орман шебері Жұлдыз Тұяқбаевтың сөзінше, Жасыбай көлі мен орманын күзетуге яғни, өрттің алдын алып, көл жағалауының тазалығын сақтау үшін алты адам ғана жұмылдырылған.

«Таңнан қара кешке дейін үй бетін көрмейміз. Өйткені, алты адам Жасыбайдың бүкіл орманы мен көлін қадағалауға үлгермей қалады. Алты адамға бір ғана «Нива» автокөлігі берілген. Демалушылардың арасында небір сөз ұқпайтын адамдар болады. Тазалық сақтаңдар десек өзімізге қарсы шығып, өздерінің білгенін істегісі келеді. Катамаранмен көлде жүзіп жүріп, ішкен сусындарының ыдыстарын лақтырып кетеді. Күн жылы кезде олар түнде тауға шығып кетеді де от жағады. Енді оны өшірмей кететін болса бүкіл орман өртке орануы әбден мүмкін. Сондықтан, олардың әрбірінің артынан еріп жүріп, түнгі сағат 12-де оттарын сөндіріп, қонақүйге қайтарамыз. Егер, қандай бір төтенше жағдай орын алса, барлығына біз жауап береміз. Бірақ, соны жұрт түсіне бермейді», - дейді Жұлдыз Тұяқбаев. «Баянауыл» табиғы ұлттық паркінің туризм жөніндегі инженері Сұлтан Ардабайдың сөзінше, Жасыбай көлінің жағасында бір айда 20 мыңнан астам адам демалады. Биылғы жылғы демалыс маусымы ашылған күннен бастап, 40 мыңнан астам саяхатшы келген. Ұлттық паркке қарасты «Баянауыл, «Жасыбай» және «Далба» орманшылығының қызметкерлері әр аптаның жұма және сенбі күндері тазалық жүргізіп тұрады.

Соңғы жаңалықтар