Баянауыл аэродромы 2018 жылы толық пайдалануға беріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Баянауыл аэродромы 2018 жылы толықтай пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Баянауыл табиғи паркінің тартымдылығын арттыру мақсатында тау шаңғы трассасы салынып, Жасыбай көлінің жағажайы абаттандырылды, субұрқақ салынды. Шағын авиация арналған аэродром салынуда. Ағымдағы жылы Маралды көлінде жаңа туристік маусым ашылып, Алтай өлкесінің Яровое курортты аймағына бәсекелестік жасады. Жазғы маусымның шырқау шегінде бұл көлде күніне 2,5 мыңнан астам адам дем алды», - деді Болат Бақауов.

Оның айтуынша, келесі жылы Баянауыл бағытында екі авиакомпания рейстерді жолға қоюды жоспарлап отыр.

«Мен таяуда ғана екі адамдық ұшақпен барып қайттым. Бүгінде ол жерде шағын ұшақтарды қабылдауға дайынбыз. Аэродром қоршалған. Күту ғимараты салынып жатыр. Келесі жылы ол Астана-Баянауыл, Қарағанды-Баянауыл және Павлодар-Баянауыл бағыттарынан шағын ұшақтарды қабылдап, жұмысын бастайды. Бастапқы екі бағдар республикалық бюджеттен, ал ішкі рейс облыс бюджетінен субсидияланатын болады. ұшуларды жүзеге асыруға 2 авиакомпания дайын», - деді облыс басшысы.

Өңір басшысының сөзіне қарағанда, биыл Баянауыл ауданын дамытуға 5 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған.

«Бұл республикадағы орталық сумен қамтамасыз ету жүйесі тартылмаған жалғыз аудан болатын. Ағымдағы жылы су құбырының құрылысын бастап, жолдарды жарықтандыруды жүргізудеміз, орамішілік жолдар да жөнделіп жатыр. Мұнан бөлек 110 орынға арналған жаңа балабақшаның құрылысы аяқталуға таяу», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар