Баян-Өлгийдің іргетасын қалауға атсалысқан қазақ кім – Шетелдегі қазақтілді БАҚ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шет мемлекеттерде қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«ӨзА»: Өзбекстанның жеміс-көкөніс өнімдерін ең көп алатын ел – Қазақстан

2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында Өзбекстаннан өзге елдерге 655 млн долларға жеміс-көкөніс экспортталды. Өзбекстан мемлекеттік статистика комитетінің мәліметі бойынша, соңғы 8 айда жеміс-көкөніс экспорты ең көп Қазақстан еліне жасалды – 483 мың тонна, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Өзбекстан биылғы сегіз айда жеміс-көкөніс өнімдерін ең көп экспорттаған елдер тізімі: Қазақстаннан кейінгі орында Ресей (314 мың тонна), Қырғызстан (109 мың тонна), Қытай (58 мың тонна) және Ауғанстан (25 мың тонна).


Шыңжаң Моңғұлкүре ауданында иммунитетті жақсарту үшін жарты миллионнан астам қойды дәрілік ваннаға салды - «Халық газеті»

Күз – мал аурулары өршитін және қойларды дәрілік ваннаға салу мен вакциналаудың маңызды мезгілі екені белгілі. Жақында Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысы, Моңғұлкүре ауданында 500 мыңнан астам қой дәрілік ваннаға салынды. Бұл олардың өсіп-жетілуіне, иммунитетінің жақсаруына және қыстан аман-есен шығуына септігін тигізеді, деп хабарлады Қытайдың «Халық газеті» ақпарат порталы.

Қойларды дәрілік ваннаға түсіру жергілікті мал дәрігерлердің қадағалауымен жүргізілді. Қытайлық басылымның мәліметінше, аталған дәрілік ванна паразиттерді жойып, малдағы қышыма ауруының алдын алумен қатар, зарарсыздандыруда да маңызды. Сонымен бірге қойдың дене тазалығына, өсіп-жетілуіне де пайдасы бар. Әсіресе, дәрілік ванна саулық қойлардың төлдеуін арттырып, қозылардың жетілу көрсеткішін жақсартады.


9 қандасымыз әлемнің үздік университеттерінде білім алуға жолдама алды – Kaznews

Баян-Өлгий аймағынан 8 түлек Моңғолия президентінің «Жолдау-2100» стипендиясының иегері атанды. Бұл туралы Kaznews.mn Моңғолия президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, Моңғолия президенті әкімшілігі әлемнің белді университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін «Жолдау-2100» стипендиялық бағдарламасымен жолдама алған 415 баланың есімін жариялады. Бұл тізімде Баян-Өлгий аймағынан – 8, Ховд аймағынан 1 түлектің есімі аталады. Айта кетейік, олардың аты-жөндеріне қарап, 9 түлектің барлығы да қандастарымыз екенін аңғаруға болады. Атап айтар болсақ, Бекболат Нұрбол, Аманкелді Дидар, Берден Ләйлім, Ержан Серхулан, Ерболат Ақжібек, Манарбек Ақерке, Хулан Балмаржан, Асылхан Ақтілек. Сондай-ақ Ховд аймағынан Уатхан Мұзафар есімді қандасымыз да аталмыш стипендия иегері атанған.


Алматыда былғары бұйымдарының жәрмеңкесі ашылды – TRT

Алматыда «EGE EXPO 2022» былғары және былғары бұйымдарының жәрмеңкесі ашылды. Үш күнге созылатын жәрмеңкеде түріктің 19 компаниясы өз өнімдерін қазақстандық сатып алушыларға ұсынып отыр. Бұл туралы 5 қазан күні Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс күн санап нығайып келеді.

Жәрмеңкенің ашылу салтанатына Түркия Республикасының Алматыдағы бас консулы Али Рыза Ақынжы, Әзербайжанның Алматыдағы бас консулы, Эгей экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Эркан Зандар, көптеген түрік және қазақстандық компаниялардың өкілдері қатысқан.

Түрік аяқ киім фирмасының басшысы Хасан Толга Үлкүжан Түркияда, Измирде аяқ киім өнімдерін шығаратынын, сол себепті Эгей экспорттаушылар қауымдастығының басқарма мүшесі болғанын айтады. Сондай-ақ ол бұл нарықты Қазақстан туысқан ел болғандықтан жіті қадағалап отыратынын тілге тиек етеді.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Түркияның аяқ киім экспорты айтарлықтай артты. Қазақ нарығында да аяқ киімнің үлкен әлеуеті бар. Әсіресе, ковид індетінен кейін Қытай өндірісіндегі үзілістерге байланысты Түркияның маңыздылығы артқан.


Иран мен Қазақстан өзара сауда айналымын жылына 3 млрд долларға жеткізе алады – Parstoday

Иран мен Қазақстанның əріптестік əлеуеті екі елдің қазіргі қатынас деңгейінен əлдеқайда жоғары. Қолда бар əлеуеттерді ескере отырып, Теһран мен Астана арасында сауда айналымы көлемін таяу уақытта 3 млрд долларға жеткізуге болады. Иран вице-президенті Мұхаммед Мохбер бейсенбі күні Мəскеуде II Каспий экономикалық форумы аясында Қазақстан Премьер-Министрі Əлихан Смайыловпен кездесуінде осылай деген. Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлады.

Аталған ақпарат агенттігінің келтірген мәліметіне сүйенсек, Иран вице-президентінің айтуынша, Қазақстан Президентінің Иранға сапарында екі елдің мемлекеттік секторында – 10, жеке секторында 11 құжатқа қол қойылды. Бұл екі елдің қарым-қатынасында бетбұрыс нүктесі болған.

Сондай-ақ М. Мохбер Иранның тау-кен саласында жұмыс істейтін компанияларды Қазақстанға жіберуге дайын екенін айтқан. Ол жағынан Теһран Астанамен айлақ, бөгет салу, су электр стансасын салу, іргелі ғылымға негізделген өндіріс жəне инженерлік-техникалық қызмет көрсету салаларында əріптестік жасауға дайын екенін де тілге тиек еткен.

«Parstoday»-дың хабарлауынша, Əлихан Смайылов та Иран Вице-президентінің ұсынысын қолдап, екі елдің əлеуеттері өзара сауда айналымы деңгейін жоғарылатып, оны жылына 3 млрд долларға жеткізуге жағдай жасай алатынын айтқан.


Kaznews: Жеңісхан Дүзелбайұлы – Баян-Өлгийдің іргетасын қалауға атсалысқан қазақ

Мемлекет және қоғам қайраткері, халқының адал перзенті, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағын құруға атсалысқан айтулы тұлғалардың бірі Жеңісхан Дүзелбайұлы туралы деректі фильм жарық көрді. Бұл туралы осы аптада Kaznews ақпарат порталы хабарлады. Аталған деректі фильм «Қазақстан тарихы» интернет-жобасы бойынша жасалған.

«Kaznews»-тың мәліметінше, фильмнің авторы – Алтынбек Құмырзақұлы. Фильмде аңыз тұлғаның өмірі мен елдік жолындағы күресі толықтай баяндалған. Аталған туындыда ел көп біле бермейтін деректер қамтылған.

Фильм авторы А. Құмырзақұлының айтуынша, Қазақстан тарихы интернет-жобасы жыл басында «Әулет» сериясымен түсіру жұмыстарын қолға алған. Бұл бағдарлама қазақтағы текті (аристократ) кім, ол қалай қалыптасады деген сұраққа жауап іздеген.

Бағдарлама аясында Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Махамбет Өтемісұлы, Кенесары Қасымұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали Мақатаев тағы басқа алыптар әулеті туралы фильмдер түсірілген. Кезекті фильм Моңғолия қазақтарына белгілі тарихи тұлға, аңыз адам, Баян-Өлгий аймағын құруға атсалысқан қайраткерлердің бірі – Жеңісхан Дүзелбайұлына арналған.

Айта кетейік, моңғолиялық БАҚ-тағы бұл жазбаның соңында Жеңісхан Дүзелбайұлы туралы 10 дерек жарияланған.


Соңғы жаңалықтар