Баян Мақсатқызы кітап жазып жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Таяу уақытта қазақстандық танымал продюсер Баян Мақсатқызының автобиографиясы шығуы мүмкін.

Бұл туралы ол өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баян Есентаева әлеуметтік желіге өзінің жас кезіндегі фотосын салып, астына: «Ол кезде мені не күтіп тұрғанын білмедім. Аңқау, таза әрі мейірімді қыз Баян. Қазір сен кімсің? Неден өттің, не білесің, қолыңнан не келеді, ойыңда не бар? Сіздермен көп нәрсемен бөліскім келді. Жақында кітап шығады. Сіздермен бөлісерім бар...», - деп жазды.

Еске салайық, Баян Мақсатқызы шет елден Қазақстанға оралған - 10 маусым күні Бақытбек Есентаев оны әуежайдан күтіп алып, Құлжа тас жолының бойында ұрып-соғып, бірнеше жеріне пышақ салды.

Продюсер ауыр жарақаттармен Талғар ауданындағы ауруханаға түскен болатын. Оны өлтірмек болды деген күдікпен күйеуі Бақытбек Есентаев ұсталып, қамауға алынды.

18 қазан күні Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бақытбек Есентаевқа қатысты алғашқы сот процесі басталды. Нәтижесінде, Есентаев 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол соңғы сөзінде өзінің кінәлі еместігін айтты. Ал Баян Мақсатқызы бұрынғы күйеуін толықтай кешіріп, соттан Бақытбекті бас бостандығынан айырмауды өтінген еді.

Соңғы жаңалықтар