Бауыржан Момышұлы батырлықтың ерліктің, қайсарлықтың, қолбасшылық кемеңгерліктің үлгісі ретінде танылды - Мәдениет министрі

None
None
АСТАНА. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бауыржан Момышұлы батырлықтың, ерліктің, қайсарлықтың, қолбасшылық кемеңгерліктің үлгісі ретінде танылды. Бұл пікірді бүгін елордадағы ҚР Президенттің мәдениет орталығында өткен Кеңес Одағының Батыры, қазақ халқының өр тұлғасы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының туылғанына 100 жыл толуына арналған «Қаһарман» атты әдеби-шығармашылық кеш барысында Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед білдірді.

Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмнің көрсетілімімен басталған кеште сахна төріне көтерілген Мәдениет министрі «Елдің атын ер шығарады» деген қанатты сөз бар халқымызда. Егер осы сөз бір адамға қатысты болса, ол Бауыржан атамызға қатысты болар деп ойлаймын. Өйткені, Ұлы Отан соғысының қарсаңында қазақ деген халық басынан бір емес екі бірдей қасіретті өткізіп, тең жарымынан айырылып, қансырап қалған халық болатын. 32-ші жылдың ашаршылығы, 37-ші жылдың қуғын-сүргіні ұлттың қаймағын сүзіп алып кеткен еді. Мінеки, осындай кезде қазақ деген ұлттың бас көтерер азаматтарының өзі де саусақпен ғана санарлық дәрежеде қалған. Сол кезде, Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен жай оғындай жарқылдап, соғыстың қан майданында, тек Мәскеу түбіндегі арпалыстың өзінде 21 рет шайқасқа шығып, 5 рет жаудың қоршауын бұзып шыққан жас арыстан ол - Бауыржан Момышұлы болатын. Б.Момышұлы соғыстың алғашқы күндерінен-ақ қазақ деген қаһарман халықтың атын шығарды. Соғыстың ортасына қарай Бауыржан атын бүкіл майдан даласы, бір жақ шеті қиыр шығыстағы Квантун армиясы соғысып жатқан майдан даласынан, екінші шеті Еуропаның төріне дейін алып жатқан ұлан кеңістікте батыр есімі шырқап көкке шығып тұрды. Ол батырлықтың ерліктің, қайсарлықтың, қолбасшылық кемеңгерліктің үлгісі ретінде танылды», деді өз сөзінде.

ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтің жүргізуімен өткен кештің құрметті қонағы ретінде Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова қатысты. Мәдени іс-шара барысында ҚР халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева, сондай-ақ Болат Әбділманов, Жанат Шыбықбаев, Еркін Шүкіманов сияқты қазақ өнерінің шеберлері батыр бабамыздың халыққа кең тараған мол мұрасынан үзінділер орындады. Сондай-ақ әдеби-шығармашылық кеш барысында Б.Момышұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде сыр шертетін деректі және көркем фильмдерден үзінділер, театрландырылған қойылымдар, соғыс жылдарының әндері ұсынылды.

Мәдени шараны ҚР Мәдениет министрлігі, «Қазақ әуендері» АҚ ұйымдастырды.

Соңғы жаңалықтар