Бауыржан Байбектің әкім болғанына 2 жыл: Алматыда не өзгерді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бауыржан Байбектің әкім боп тағайындалғанына 2 жыл болды. Осы уақыт аралығында оңтүстік астана әкімі қандай іс-әрекетімен есте қалғанын ҚазАқпарат тілшісі шолып шықты.

Осыдан екі жыл бұрын 9 тамызда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласы мәслихат депутаттарына жаңа әкімді таныстырды.

Депуттардың бірауызды келісімімен  Бауыржан Байбек 41 жасында еліміздің ең жас әкімі атанды. Айта кету керек, ол  осындай лауазымға тағайындалған «Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлегі еді.

Бұған дейін ол «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген.

Бауыржан Байбек әкім болғалы бері тың жаңалықтарымен, батыл мәлімдемелерімен есте қалып келеді.

Ең алдымен қаланы кешенді дамытуға бағытталған «Алматы-2020» бағдарламасын көпшіліктің талқылауына шығарды.

Жоба әкімдіктің сайтында жарияланды. Оған кез-келген алматылық өз пікірін білдіре алады.

Бауыржан Байбек қоғамға ашықтығымен танымал болды. Оның ұсынысымен Инстаграм, Перископ, Фейсбук желілерінде әкімдіктің аккаунттары пайда болды.

Әкімдік қызметкерлері әлеуметтік желілерге түскен мыңдаған арыз-шағымды қарап, әрқайсысына жауап беретін болды.

Көптеген тұрғындардың жол, баспана, коммуналдық шаруашылықтағы қордаланып қалған мәселелері өз шешімін таба бастады.

Жас әкім жұмыс барысында қоластындағылардан үнемі ашық болуды, есеп беруді талап етіп отырды.

Б. Байбек Алматыны заманауи мегаполистердің қатарына қосу мақсатында электрондық қызмет түрлерін көптеп енгізе бастады. Блогерлермен байланыс нығая түсті.

Бүгінде әкімдіктің ашықтығын қамтамасыз ететін «Open Almaty» жобасы қабылданып жатыр. Аталған порталдан қала тұрғындары балабақша, баспана, әлеуметтік төлемдер, коммуналдық мәселелері бойынша ақпарат ала алады.

Заманауи өзгеріс қаланың қоғамдық көліктеріне де келді.

Скептиктердің қарсылығына қарамастан «Оңай» электрондық билеттендіру жүйесін енгізуге әкім мұрындық болды.

Бұрын «Оңай» терминалдарының орнында тиын қабылдайтын валидаторлар болатын.

Қала басшысы «Оңай» жүйесімен таныстыруға бағытталған журналистермен болған алғашқы кездесуде-ақ сараланған тариф туралы, жолаушының белгілі бір уақыт аралығында басқа көлікке отырғаны үшін ақша төлемеуі туралы ұсыныс айтқан еді.

Өмір көрсеткендей, оның идеялары қазір кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді.

Бауыржан Байбек қала тұрғындарының әлеуметтік ахуалын арттыру мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту бағытыне жете назар аударады. Соның нәтижесінде қалада бірнеше мектептер, балабақшалар бой көтерді.

2017 жылы Алматыда өткен Универсиада нысандарының біразы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің нәтижесінде бой көтерді.

Соның арқасында Бауыржан Байбектің командасы универсиадағы дайындық пен оны өткізуге бағытталған қаржыны 32 млрд теңгеден 17 млрд теңгеге (2 есе) дейін қысқартты.

Сонымен қатар, әкім универсиада нысандарының құрылысын өзі қадағалап отырды.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қалада туристік кластер дамып келеді.

Қала тұрғындарына, туристерге ыңғайлы болуы үшін барлық жағдай кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның айқын дәлелі «Алматы туристік орталығы». Бауыржан Байбек даулы болған «Көкжайлау» жобасын тоқтатты.

Биыл Іле Алатауы ұлттық паркінде тау соқпақтары абаттандырылып жатыр.

Байбек әкім болғалы бері индустрияландыру картасына құны 95,6 млрд доллар болатын 39 жоба енді. Бұл жобалар 5492 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.

«Қазақстанда жасалған» форум барысында қазақстандық қамту мәселесі көтеріліп, нәтижесінде 7 меморандумға қол қойылды.

Қала бойынша балаларға арналған 100 ойын алаңы пайдалануға берілді. Мұның бәрі инвесторлардың қаржысына салынған.

Алайда, тұрғындар қала әкімінің барлық шешімін қуана қабылдаған жоқ. Сырт көз сыншы демекші, Бауыржан Байбек Алматы трамвайының жұмысын тоқтатқанда наразылық білдіргендер көп болды. Халық ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан трамвай - Алматының көрнекті нысандарының бірі деп есептеп келді.

Алайда, әкім оларға жақын арада трамвай желісінің заманауи түрі - LRT желісінің құрылысы қолға алынады деп уәж айтты.

Бүгінде қаланың орталығында кешенді өзгерістер байқалады. Арықтар, бордюрлер, аялдамалар да қайта жасалуда.

Қоршауларды, дүңгіршектерді, жарнама тақтайшаларын жою сияқты идеялар алматылықтардың әлі де наразылығын тудырып келеді.

Бауыржан Байбектің кезінде Желтоқсан 115 мекенжайы бойынша ескі үй сүрілді.  Бұл үйдің сүрілетіні туралы ақпараттың өзі қоғамдық пікірталас тудырды. Алайда, қала билігі Алматыны барынша адамдарға ыңғайлы ету жолындағы жұмыстарын тоқтатпады. 

Бауыржан Байбек әкім боп тағайындалғаннан бастап қоғамдық рейтингтер үздіктерінің үштігінен түспей келеді. 

Соңғы жаңалықтар