Бауыржан Байбек ҰОС ардагерін мерейлі 100 жасқа толуымен құттықтады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсыруы бойынша Алматы әкімі Бауыржан Байбек Ұлы Отан соғысының ардагері Әдіш Әбдірайымовты мерейлі 100 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әдіш атаның өзі айтқандай, ол 1918 жылы 9 мамырда туған. 1938 жылы Харьков фармацевтика институтына түскен. Ал 1941 жылы оңтүстік-шығыс майданы 173-ші атқыштар дивизиясының жауынгері атанады.

Қария немістің Нойенгамме концлагеріндегі қиыншылықты бастан өткерген. Әдіш Әбдірайымов үйіне тек 1947 жылы оралады.

1952 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін «биолог» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Оқудан соң тәжірибе стансысының зертхана меңгерушісі болады және Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Мақтарал ауданында мақтаның жаңа сорттарын шығарумен айналысады.

Бүгінде Әдіш ата төрт баладан үш немере, бір шөбере сүйіп отыр.
 

«Мен барлықтарыңызды бүгінгі ерекше мерекемен құттықтаймын. Жер бетіндегі барлық адамдарға денсаулық, бақыт және өзара түсіністік тілеймін. Ең бастысы - аспанымыз ашық, адамдар бақытты ғұмыр кешуде. Қазіргі кезде Елбасымен бірге біздің халқымыз өзара достық пен келісімде бейбіт өмір сүруде. Қазақстан әрқашан гүлдене берсін, Сіздердің ұрпақ соғыс пен оның зардабын ешқашан көрмесін», - деді Әдіш Әбдірайымов.

Айта кету керек, бүгін Алматыда Мемлекет басшысы құрметті қарауылмен бірге Даңқ Мемориалы жанындағы Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды және бір минуттік үнсіздікпен Екінші дүниежүзілік соғыста қаза болғандарды еске алды. Нұрсұлтан Назарбаев кездескен соғыс ардагерлерімен және тыл еңбеккерлерінің арасында Әдіш Әбдірайымов та болды.

Соңғы жаңалықтар